$ 447.4  477.55  4.76

«Z» - өте кедей, бірақ ең табысты ұрпақ» - Дәурен Абаев үйден жұмыс істейтін жастар туралы

Олар цифрлық қызметтерді жоғары деңгейде тұтынады.

«Z» - өте кедей, бірақ ең табысты ұрпақ. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге белгілі, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Ондағы мақсат – жастарымызға өздерін жетілдіруіне, табысты дамуына және әл-ауқатын нығайтуға мүмкіндік жасау. Бұл жерде ескеретін мәселе – ауқымы мен маңызы бойынша Жастар жылын тек 12 айға есептелген іс-шаралардың күнтізбелік жоспары деп қарастыруға болмайды. Жастар саясаты саласындағы Үкімет жүзеге асыратын кешенді бастамалар жүйелі, ең бастысы, ұзақ мерзімді әлеуметтік нәтиже тудыруы тиіс», - деді министр. 

Оның айтуынша, негізгі іс-шаралар 3 жылға есептелген. Ал мемлекеттік қолдаудың ең тиімді шаралары мемлекеттік жастар саясатының он жылдық тұжырымдамасына кіреді. Іс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру қазақстандық жастардың негізгі демографиялық сипаттамаларын ескере отырып жүргізілді. 

«Бүгінде Қазақстанда үш миллион сегіз жүз мыңнан астам жастар бар. Бұл жалпы халық санының 21 пайызы. Жас өлшемі бойынша 1 миллион 181 мың жас ювеналдық топқа жатады – бұл 14 жастан 18 жасқа дейінгі адамдар. Постювеналды топқа – 19-дан 23 жасқа дейінгі 1 миллион 160 мың азамат жатады. 24-29 жас аралығындағы ересек топ бір жарым миллион адамды құрайды. Тұтастай алғанда, бұл демографиялық көрініс бүкіл әлемде әртүрлі жылдамдықпен жүріп жатқан ұрпақаралық транзит процесін жақсы бейнелейді. Бұл жерде «Y» ұрпағы мен «Z» ұрпағы арасындағы шекараны анықтайтын құндылықтар мен дүниетанымдық сипаттамалардың ауысуы туралы сөз болып отыр. Жалпы біздің әлеуметтік өлшемдеріміз «Z» ұрпағы, 1995 жылдан кейін туған жастар туралы жалпы қабылданған ұғымдармен үйлеседі«,- деді министр. 

Осы орайда Дәурен Абаев «Z» ұрпағын сипаттап берді. 

«Олар цифрлық қызметтерді жоғары деңгейде тұтынады. Олардың еңбекке, ақша мен бос уақытын өткізуге деген ұстанымдары қалыптасқан дәстүрлі көзқарастардан өзгеше. Мысалы, олар жұмысты көбіне үйде істеуге бейім, олар үшін жұмыс берушінің миссиясы мен құндылықтары үлкен маңызға ие, мұндай жастарымыз мобильді және тұрғылықты жерін жиі өзгертуге әуес. Шетелдік әлеуметтанушылардың айтуынша, абсолюттік мәнде бұл өте кедей, бірақ ең табысты ұрпақ. Алдыңғы буынмен салыстырғанда олардың жылжымайтын мүлкі немесе көлігі жоқ, бірақ ыңғайлы апартаменттерді жалға алып тұруға мүмкіндіктері бар, Uber қосымшасын пайдаланады, ал қаражатын «қысылтаяң кезге» деп кейінге жинаудың орнына, әлемді емін-еркін, ешқандай арнайы туристік жолдамасыз аралауды қалайды«, - деді Абаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары