$ 443.35  475.54  4.82

Ақтауда жаңа үйге кірген 200-ге жуық отбасы жылусыз отыр

200-ге жуық отбасының суық үйде бүрсең қағып, тоңғанына бір апта болған.
Фото: КП
Фото: КП

Ақтауда жаңа үйге кірген тұрғындар жылусыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

200-ге жуық отбасының суық үйде бүрсең қағып, тоңғанына бір апта болған. 

Жауапты мамандардан көмек болмаған соң, біздің редакциямызға арызданды. Тұрғындар қыркүйек айында пайдалануға берілген «Керемет» тұрғын үй кешенінің сапасына да шағымданады.

Анаргүл Нұрасылова балаларын күні-түні осылай қабаттап қалың киіндіруге мәжбүр. Үйдің іші қара суық. Кең үйді электр пешінің жылытуға шамасы жетер емес. «Керемет» тұрғын үй кешеніндегі 360 пәтердің барлығында да жағдай осындай. Тұрғындар жылыту маусымы басталғалы жылуға жарымаған. «Бастапқыда жылудың қысымы баяу берілді де, артынша мүлде тоқтады», – дейді тұрғындар. 

Оксана Хасанова, қала тұрғыны: 

– Менің бұл үйге көшіп келгеніме бір ай ғана болды. Келгелі проблемадан көз ашпадым. Енді міне бір аптадан бері жылу жоқ. Тоңып отырмыз. Ол аз болғандай 3 күннен бері ыстық су да келмей қалды. 

Бауыржан Хангереев, қала тұрғыны: 

– Кешелі бері күн қатты суытып кетті. Үйде 3 балама қиын болды. Бірінен соң бірі жөтеліп, ауырып жатыр. 

Тұрғындар үйдің сапасына да наразы. Балкондары толық қоршалмаған, үй астындағы көлік тұрағы да бітпепті. «Ғимарат қабырғасының кей жерлері жарылған», – дейді тұрғындар. 

Анаргүл Нұрасылова, қала тұрғыны: 

– Біздің аулаға кіріп келе жатқанда жан-жақта үйіліп жатқан қоқысты көрген кезде өзіміз осы үйде тұрып жатқанымызға ұяламыз. Бұл үйді сатқанда элитті үй деп сатты. 

Аққали Сүйеуов, қала тұрғыны: 

– Қаптауышы , кафель бәрі түсіп жатыр. Ішіндегілері түсіп жатыр. Өз күшімізбен шамамыз келгенше бейнебақылау камерасын, домофон қойып, есікті жауып, резинкамен тартып, амалдап жатырмыз. 

Элитті үй санатына жататын тұрғын үй кешеніндегі 5 үйдің екеуі қыркүйек айында қолданысқа берілген. Мұндағы пәтерлерге қызмет көрсетуші компания өкілдері жылу мен ыстық су мәселесінің алдағы аптада шешілетінін айтып сендірді. 

Нұрдәулет Қожахметов, пәтер иелері кооперативінің бас инженері: 

– Жылу маусымы басталғаннан бастап жылу беріле бастады. Басында әлсіз болды, нормасына сай болған жоқ. Кейіннен температураны көтерді, кішкене жақсы болды, содан соң температура түсіп кетті. Подача 7, обратно 7 көрсетіп тұр. Жалпы үйде циркуляция жоқ. Сондықтан үйде жылу, да ыстық су да жоқ. Қазір КЖСА мекемесімен бірігіп мәселені қарастырып жатырмыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Ақтау #жылу