"Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған журналист, белсенді Амангелді Батырбековтың апелляциялық шағымын қарап жатқан Түркістан облыстық сотының сот апелляциялық шағымға қатысты қаулы шығаруға дәлелдер жеткіліксіз деп сот тергеуін қайта жүргізетін болды. Сот алқасы бұл шешімді 15 қарашада өткен сот отырысында қабылдады, деп жазады Азаттық.
Түстен кейін жалғасқан сот отырысында сот алқасы тараптарға сөз беріп, жарыссөз ұйымдастырды.
Амангелді Батырбековтің айтуынша, "аудандық сот өзін заңсыз соттаған. Екі рет айыпталушының қатысуынсыз сот процесін өткізген. Бұл – үкімді жоюға негіз болатын себеп. Екіншіден, жәбірленуші тарап судьяның сұрауынсыз дайын сараптаманы алып келген. Соттың қаулысы шықпай іске қатысты сараптама жүргізілмейді".
"Сараптама заңды тағайындалмаған. Сондықтан дәлелдемелер қатарынан алып тастауды сұраймын" деді ол.
Амангелді Батырбеков 2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Сарыағаш ауданы Сарыағаш және Келес ауданы болып бөлінгенде "Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев мектеп директорларынан пара алуы мүмкін" деген хабарды таратқанын растады.
Журналистің сөзінше, оған аудандағы мектептердің бірінің директоры көмек сұрап келіп, Абдиевтің директорларды өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатқанын айтқан және Абдиев қайта директорлыққа тағайындау үшін ақша сұрағанын жеткізген.
Кейін журналист арнайы хатпен он директордың жұмыстан кету туралы білім бөлімінің басшысы Абдиевтің атына жазған өтініш хатының көшірмесін "алған".
Батырбековтың айтқан уәждерін жәбірленуші Абдиев жоққа шығарды. Оның сөзінше, өз сөзін дәлелдейтін құжаттары бар.
Екі тараптың дәлелдерін тыңдаған сот алқасы іске қатысы бар дәлелдемелердің жеткіліксіз екенін ескеріп, сот тергеуін қайта жүргізілетінін мәлімдеді. Келесі сот отырысы 22 қарашаға белгіленді.
15 қарашада таңертең өткен сот отырысында Амангелді Батырбеков сот алқасының төрағасы Таубай Қадырбаевтың істі қарауына қарсылық білдірген. Оның айтуынша, Таубай Қадырбаев 2015 жылы өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша үкім шығарған сот алқасының құрамында болған. Батырбековтің шағымын адвокаттары да қолдаған. Бірақ сот алқасы бұл шағымды қанағаттандырмады.
Қыркүйектің 23-іне Сарыағаш аудандық соты жергілікті "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы және "Сарыағаш - Әділет" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековті Facebook әлеуметтік желісіне жергілікті шенеуніктің "ар-намысына тиіп, қадір-қасиетін қорлайтын" жазба жариялағаны үшін Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" (130) және "Қорлау" (131) баптары бойынша айыпты деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. 54 жастағы Амангелді Батырбеков өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан. Кейін ол апелляциялық шағым түсірген. Сот апелляциялық шағым 12 қарашадан бастап қарай бастаған.
"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін Батырбековті дереу босатып, тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.