Ұлттық экономика, Қаржы, Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері дағдарысқа байланысты Жаңа жылдық мереке өткізбейтін болды. Бұл туралы министрлер айтты, деп хабарлайды Total.kz.
Жаңа жылдың алдында ұйымдастырылатын корпоративтік кештерден ең бірінші болып Ұлттық экономика министрлігі бас тартты. Келесі жылғы Қазақстандағы экономикалық жағдайды бірінші болып білетін министрлік шешімді дұрыс деп отыр.
«Бізде мереке аталып өтпейді», — деп қысқа қайырды ұлттық экономика минисрі Ерболат Досаев.
Осыдан соң алда келе жатқан мерекені атап өту жоспарда жоқ екенін Қаржы министрлігі мәлімдеді.
«Корпоратив болмайды. Біз одан бас тарттық. Үлкен мерекелік кеш жасамаймыз. Біз еңбекпен жеткен жетістіктеріміз арқылы атап өтеміз», — деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Сондай-ақ, жыл нәтижесі бойынша мерекелік кешті шектеу туралы шешімді Білім министрлігі де қабылдады.
«Біз әзірге жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ жұмыста бәріміз жиналып жылдағы жетістіктерімізді атап өтеміз. Мейрамханада өткізуді жоспарламаймыз», — деді Білім министрі Аслан Сәрінжіпов.
Айта кетейік, елдегі дағдарысқа қарамастан Астана және Алматы қалаларының ірі мейрамханаларында Жаңа жыл мерексін атап өту үшін барлық күндер белгіленіп қойған. Әрбір адам үшін 20-38 мың теңгеден кем емес қаржы төленеді. Осы қаржы үшін рестораторлар мерекелік дастарханнан бөлек ойын-сауық бағдарламаларын ұсынып отыр.