Ресейдің Новосібір қаласында белгісіз ер азамат Сбербанктың бөлімшесін тонап кетті. Күдікті банк қызметкерлерін тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, қазына сақтаулы бөлмеге кірген. Ол банк ғимаратынан өзімен бірге 12 миллион рубль алып кетті деп жазады LifeNews.
Куәгерлердің айтуынша, қарақшы банк қызметкерлерінен дабыл түймесін баспауын өтініпті. Ол: "Бес минутқа дабыл түймесін баспай тұра тұрыңыздаршы, менің науқас балам бар" деп өтінген.
Банк қызметкерлері болса өткен апта бойы кеңсеге бір әйелдің үздіксіз келіп, несие ала алмай кеткендігін есіне алып отыр. Ол өзінің науқас баласын емдетуге 27 желтоқсанға дейін ақша керектігін айтқан. Алайда, қағазбастылықтың салдарынан несиені сол күйі ала алмапты.
Полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізгенімен, қарақшыны ұстау мүмкін болмады.