$ 444.22  476.38  4.82

«Балаларымның бәрінен бас тартамын»: безбүйрек ана 6 баласын үлкен қызының атына аударып берді

"Ренішім бар болғанмен, туған анам болғандықтан жүректегі мейірім әлі бар", - дейді көздері жәутеңдеген балалар.

Жаркентте тұратын бір үйдің балалары көмек сұрайды. Оларды ата-анасы қараусыз тастап кеткен. Баспанасы жоқ, ешқандай жәрдемақы алмайды. Ал бағып-қағып отырған әпкесі қамқорлықты алайын десе, рұқсат жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Дау-дамайсыз" бағдарламасына сілтеп хабарлайды. 

Жаркент қаласының тұрғыны Ақмарал Қасымбекова төрт баламен пәтер жалдап тұрады. Екеуі - өз баласы, екеуі - інілері. Балаларды жалғыз өзі бағып отырған оның күйеуі қайтыс болған. 

Екі інісі туған ағайындары емес. Аналары бір болғанмен, әкелері бөлек. 

"Бұл екі баланы анасы маған тастап кетті. Бағып отырмын. Әкелері бар. Алматыда жұмыс істейді", - дейді Ақмарал.  

Жандос - 14 жаста, Елдос - 11-де. Екеуі де Жаркенттегі мектеп-интернатта оқиды. 

"Кейде жаман кездерді ойлап қалсам, жылағым келіп кетеді. Сабаққа барып жүрген кезім. Содан анам үйге көрінген шалдарды әкеле бастады. Мамаға тып-тыныш өмір сүрейік десем, тыңдамай, ішіп кетеді. Әбден жыныма тиетін еді", - дейді әбден тағдыр тауқыметін көрген жеткіншек.

Жоқшылық ерте есейтіп, жігері жасымаған балалар ащы суға құмар шешелеріне өкпесі қара қазандай: 

"Мамамды екінші рет көрмейтіндей болып кеттім. Күнде үйге адамдар әкеп ішкізетін. Бір күндері бізді папам ұрғанда үйден қашып, тауға бардық. Таудан әпкем тауып, үйіне әкелді", - деген Елдос анасын сағынбағанын, бірақ, сағынып келеді деп ойлап жүргенін жасырмады. 

Анаңды көргенде не айтар едің дегенде, ол: 

"Ішпе. Ішуді қой. Балаларыңды бақсайшы деп айтар едім. Ішкенін қойса, жақсы болар еді. Баспана болса, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген оңай емес. Көп үйлер суық болды. Әпкеме көп рахмет, ол бізді жарты жолда тастамады. Өскенде әпкемді бағып-қағып, үлкен үй салып беремін", - деп ішіндегі арман-мақсатын айтып қалды.

Алты бала тауып, алтын алқа алып отырған көпбалалы ана Эльмира Қасымбекова қала сыртында мал бағып күн көреді екен. Балаларыңызға неге көмектеспейсіз деген журналистің сұрағына: 

"Мен қалай көмектесемін? Алтын алқадан алатын 15 мың не болады? Ішіп келіп ұрғанмын. Содан келгісі келмейді маған. Жақсы көрем. Не істей аламын жақсы көргенде? Өзім де жетісіп отырған жоқпын. Ештеңем жоқ. Қазіргі күйеуімнің айлығына қарап отырмын", - дейді безбүйрек ана. 

Ақмарал анасына бірге тұруды бұған дейін де талай айтқан. Бірақ, көндіре алмаған. 

"Бармаймын. Бірге тұра алмаймын. Балаларымның бәрінен бас тартамын. Қазір баланы ойлап жүрген жоқпын", - деп Эльмира Қасымбекова соңғы сөзін кесіп айтты. 

Ішіп кетуінің себебін күйеуім ұрып-соғып, тастады деп ақталды. 

"Ренішім бар болғанмен, туған анам болғандықтан жүректегі мейірім әлі бар", - дейді көздері жәутеңдеген балалар.

Қазіргі таңда Эльмира Қасымбекова ана құқығынан бас тартып, Ақмарал Қасымбекова екі інісін өз қамқорлығына алу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуде. Өз кезегінде әкімдік әлеуметтік жағдайын жақсартып, баспаналы болуға көмектесеміз деп уәдесін беріп отыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары