10 жылға сотталаған Серік Ахметовтің артына енді салықшылар шам алып түсті леп жазады KTK. Экс-премьердің меншігіндегі жер мен мүлік салығы төлемін 20 күнге кешіктірді деген құзырлы орган сотқа шағымданып, қарызды күштеп өндіріп алуға қол жеткізген.
Сондағы төленбеген жер салығы 162 теңге! Ал баспана салығының бір жылдық берешегі 140 мың теңге екен. Салық кодексі бойынша Ахметов оны 2015 жылдың 31 қазанына дейін төлеуі тиіс болған. Бірақ, экс-премьер сот сергелдеңімен жүріп, оған мән бермегенге ұқсайды. Мерзім өте сала қашып кетеді деп ойласа керек, салықшылар қарашада сотқа шағымданып, қарыздың үстіне 3 мың теңге қосып төлеуге міндеттепті. Естеріңізге салсақ, экс-премьер Серік Ахметов Қарағанды облысын басқарған кезде қылмыстық топ құрып, мемлекет қаржысын жымқырды деген айыппен 10 жылға түрмеге қамалған болатын.