"Діни араздық қоздырды" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған 28 жастағы Дария Нышанова және 44 жастағы Қарлығаш Адасбекованың ісі бойынша сотта тағы бір куәгер сұралды. 3 желтоқсанда Қарлығаш Адасбекованың келіні Бақыт Исаева сотта жауап берді. Куәгер Исаева туысына қарсы куәлік беруден бас тартуға мүмкіндік беретін заңды алға тартып, судья Ернар Қасымбековке куәгер ретінде жауап бергісі келмейтінін айтты, деп жазады Азаттық.
Ал судья Ернар Қасымбеков заң тіпті айыпталушының туған шешесінен жауап алуға мүмкіндік береді деп айтып, Исаеваны жауап беруге көндірді.
Айыпталушыны қолдап келген залда отырған екі әйел судьяның айтқанын естігеннен кейін наразы болып, өзара күбірлесті. Судья Қасымбеков оларға ескерту жасады.
Осыдан кейін судья Қасымбеков Бақыт Исаеваға куәгерлер антын оқуды бұйырды. Процестің қазақ тілінде өтіп жатқанына қарамастан ол қазақ және орыс тілінде басылған екен. Исаева антты орыс тілінде оқыды. Исаева қойылған сұрақтарға әрең жауап бере бастады. Адвокат Руслан Жаңабаев оған егер оңай болса, орыс тілінде жауап беруге құқығы бар екенін айтып еді, судья Қасымбеков Исаеваның қазақшасы жақсы екенін, оның қазақ тілінде жауап бере алатын жағдайда екенін айтты. Осы кезде зал жақтан тағы да екі әйелдің наразылығы естілді. Олар Исаеваның орыс тілінде жауап беруіне мүмкіндік бермеген судьяның әрекетіне наразы болып, куәгердің маңызды заңнамалық сұрақтарды түсінбей қалуы мүмкін екенін айтты.
Осыдан кейін судья Қасымбеков екі әйелге залдан шығып кетуді бұйырды. Алайда олар қозғалған жоқ. Бұдан соң судья полицейлерді шақырды, екі әйел сонда да залдан шыққан жоқ. Бірнеше минут судьямен дауласқаннан кейін судья олардың біріне алдағы сот отырыстарына қатысуына тыйым салды. Бүгін ғана ескерту алған екінші әйелдің келесі отырысқа қатысуына рұқсат берді. Сот залынан шығарылған бүгін ескерту алған екі әйелдің бірі шығып бара жатып, судьяны қарғап-сіледі. Бұдан кейін судья Қасымбеков екеуіне де сот процестеріне қатысуына тыйым салды.
Келесі сот отырысын 13 желтоқсанға белгілеген судья Қасымбеков тараптарға жарыссөзге дайындалып келуді тапсырды.
Айыптау актісіне қарағанда, Адасбекова мен Нышанова "діни араздық тудыратын идеялар насихаттайтын" WhatsApp желісіндегі топта болған. Екеуі де Қазақстанда 2005 жылы экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымының жұмысына қатысқан деп айыпталып отыр. Екеуі де WhatsApp-та ақпарат таратқанын мойындайды, бірақ діни араздық тудырды деген айыппен келіспейді. Олардың айтуынша, олар әлеуметтік желіде жәй ғана пікірлерімен бөліскен. Екі әйел сонымен бірге "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысы жоғын айтады.
Қазақстанда "Хизб ут-Тахрир" ұйымы "діни экстремистік топ" деп танылған. Бұл ұйым Еуропаның кейбір елдерінде заң жүзінде жұмыс істейді.