Жаңалықтар 05.12.2019 сағат 03:26

Алимент төлей алмай жүргендерге жұмыс ұсынылды

Алматыда пробацияда есепте тұрғандар мен алимент төлемей жүрген борышкерлерге арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті.
Алимент төлей алмай жүргендерге жұмыс ұсынылды
Фото: Almaty.tv
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жәрмеңкеге келген тұрақты жұмысы жоқ азаматтардың біразы екі қолға бір күрек тапты.

Алматыда пробацияда есепте тұрғандар мен алимент төлемей жүрген борышкерлерге арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті. 10 шақты кәсіпкер тұтынушыларға қызмет көрсететін сала мамандарын іздеп келіпті. Олардың қатарында, даяшы, аспаз, бармен секілді бос орындар бар, деп хабарлайдыAlmaty.tv.

Жәрмеңкеге екі қолға бір күрек тапсам деген ниетпен 100-ге тарта адам келген. Барлығының тілегі бір. Түзу жолға түсіп, жұмыс тапсам дейді. Бірақ өздері камераны көргеннен беттерін бүркеп, қаша жөнелді. Себебі, басым бөлігі кезінде шалыс басып, істі болғандар. Қазір жазаларын шартты түрде өтеп жүр. Қалғандары - өз ұл-қызына жәрдем көрсетуге құлықсыздық танытқан борышкерлер. Бүгін NUR OTAN партиясының Алмалы аудандық филиалында өткен жәрмеңкеге пробация есебінде тұрған 70 және алимент төлемей жүрген 30 шақты адам келді. Олардың өз балалары алдындағы қарызы 20 миллион теңгеден асып кеткен. Қалалық жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеушілерге бос орындармен қатар қысқа мерзімді курстарды ұсынды.

«Талапкердің қай салаға бейім екенін білу үшін анкета жасадық. Бізде қысқа мерзімді оқыту 1 айдан 3 айға дейін бөлінеді. Аспаздан бастап, бухгалтерге дейін. Олар оны оқуға ниетті. Заң бойынша да, былай да. Ешқайсысы олардан бас тартып отырған жоқ. Олар да өйткені біздің қоғамның мүшесі, сол үшін ешкім олардан бас тартқан жоқ», - деді Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығы тұрақты жұмыспен қамту бөлімінің маманы Дидар ӘУЕЛБЕКОВ.

Көптің ішінен суырылып, дүйім елге тағдыры жайлы жасырмай  айтуға жасқанбаған қайсар мінезді жігіттің есімі – Асқар Жорахан. 26 жастағы азамат 2015 жылы жол апатына ұшырап, аяғы абайсызда адам өлімімен аяқталыпты. Жазасының жартысын өтіп шыққан оның арманы мен мақсаты көп. Өмірін жаңа парақтан бастаған Асқар биыл үйленіп, ұлды болды. Жуық арада кәсіп бастап, асхана ашқысы келеді. Тіпті қайтарымсыз несие алу үшін ол бизнес жобасын да дайындап қойыпты.

«Өмірден өзімнің бір орнымды тапсам деймін. Ешкімге тәуелді болғым келмейді. Мектеп саласынан бастап көрем. Ары қарай жалғастырып, жақсы болып жатса, үлкен асхана ашып, жұмыс істеп кетсем ба деген ойдамын. Бір рет шалыс басқаным үшін өмір бойы опық жегім келмейді», - дейді Асқар ЖОРАХАН.

«Бүгін біз жазасын өтеп шыққандар мен алимент төлей алмай жүргендерді шақырып, қандай жұмыстар бар екенін және одан басқа «Атамекеннің» «Бизнес бастау» деген жобасын көрсетіп, өз ісін ашу мүмкіндігін түсіндірдік», - деді Алматы қаласы Алмалы аудандық прокуратурасының бөлім басшысы Бауыржан ТӨЛЕНДИНОВ.

Алмалы ауданында пробация есебінде жалпы 315 адам тұр. Жәрмеңкеге келген тұрақты жұмысы жоқ азаматтардың біразы екі қолға бір күрек тапты. Мемлекеттік бағдарламалармен танысып кетті. Өз бауыр еті балалары алдында борышын өтемей жүрген жандар мен өмірде адасқандар енді түзу жолға түсеміз деп уәде етті.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар