Ғаламтоға экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ туған інісі Сатыбалды ӘБІШҰЛЫНЫҢ аты берілген Ислам орталығының ашылу салтанатынан видео жарияланды. Ол жерде Қайрат САТЫБАЛДЫНЫҢ сөзі таспаланған,-деп хабарлайды "Жас Алаш" басылымы.
2019 жылдың 29 қараша күні Сатыбалды ӘБІҰШҰЛЫ атындағы Ислам орталығы Түркістан облысына қарасты Сарағаш қаласында ашылған еді. Аталмыш шарада Ислам орталығының атын иеленген Сатыбалды ел алдына шығып сөз алған болатын.
«Мына жер үстінде Алланың үйінен жоғары ешнәрсе жоқ. Сол себепті сіздерге де, бізге де бүгінгі той құтты болсын. Ислам ұлтқа, мемлекетке бөлмейді. Мына жерге түркі әлеміне аты шыққан Ердоған (Түркия президенті – ред) ағамның ұлы Біләл мырза, Рамзан Кадыровтың бауыры келіп отыр... Мен құдай қаласа келесі жылы елуге келемін. Совет үкіметі құлаған кезде жиырмада болғанмын. Сол заманда «жаман үйдің қонағы билейді дегендей», үлкен кісі билікті қолына алған кезде қазақтардың саны 37 пайыз болған. Қазір құдайға шүкір, бейбітшілік, ақылды саясаттың арқасында қазақ 70 пайызға жетті. Сол заманда Қазақстанда 63 мешіт болған. Қазір аллаға шүкір 3,5 – 4 мыңға жуық мешіт бар. Қысқасын айтқанда, бұның барлығы бір Алланың бергені. Біз тек қана себепшіміз, үлкен кісі ел үшін туып, елді жетелеген кісі... Бұрынғы бабаларымыз айтқан екен, Аллаға зор құлшылық - патшаға, елге қызмет деп. Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп сасық әңгіме болмайық. Қазақты біріктіретін тек ислам. Мұсылманды мұсылманға жақындататын тек ислам. Намазда, оразада, бес парызда бірге болайық. Бұл дүниенің жақсылығын көріп, жұмақта бірге болайық, ағайын» - депті Сатыбалды.
Бұдан бөлек, мешіттің ашылу салтанатында Сатыбалды ағайынды Смановтарды шақырып, өздерінің қалай танысқандарына қысқаша тоқталды.
Сарағашта 300 мың адам тұрады. Ал жаңа Ислам орталығында бір мезетте 10 мың адам құлшылық ете алады. Қайрат Сатыбалдының айтуынша, бұл жаңа орталық Алматыдағы Нұр-Мүбәрәк жоғарғы оқу орнынан үлкен. Болашақта Ташкент қаласынан жұмаға осында келсе деген тілек те айтылды.
Бұған дейін Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-анасы атында "Әбіш ата" мен "Әлжан ана" мешіттері ашылған. Алайда, ол кісілер дін қызметкері болмаған.