Alphabet холдингтік компаниясы Google-дың қазақстандық пайдаланушыларының 2019 жылы ең көп іздеген сұрауларының рейтингін шығарды. Көшті "Игра престолов" сериалының 8-маусымы" бастап тұр, деп жазады Qamshy.kz.
Қазақстандықтарды қызықтырған сұраулардың алғашқы ондығына қазақ-орыс аудармашысы, континентальдық хоккей лигасы, "Мститель" фильмінің финалдық бөлімі, "Ветреный", "Пирогова ИП" сериалдары енген. Жыл қорытындысы көрсеткендей қазақстандық Google пайдаланушыларын атақты адамдар мен саясаткерлер туралы ақпарат та қызықтырған. "Жыл адамы" атағына жыл басында кенеттен өмірден өткен ресейлік танымал тележүргізуші, әнші және актриса Юлия Началова ие болды. Ең көп ізделгендер тізімінде екінші болып президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұр. Сондай-ақ Google-дың қазақстандық қолданушыларының басым көпшілігі Владимир Зеленский, Жанар Хамитова, Децл, Әміржан Қосанов, Алла Вербер және Билли Айлиш туралы ақпарат іздеген.
2019 жылы көп сұралған фильмдер қатарына "Мстители. Финал", "Король Лев" және "Джокер" енген. Сериалдарға келсек, қазақстандықтар әдеттегідей түрік және Оңтүстік Корея хикаяларына басымдық беріпті. "Көп ізделген сериалдар" санатын бастап тұрған "Игра престолов" сериялының соңғы маусымынан кейінгі орындарда "Ветреный", "Жестокий Стамбул", "Любовь напоказ" хикаялары мен "Отель дель Луна" және "Изящная семья" драмалары жайғасқан. «...дегенiмiз не?» деген сұрақты қоя отырып, пайдаланушылар "подаграның" не екенін жиі білгісі келген. Сондай-ақ көшбасшылар үштігіне "VPN" және "Эпитет" бойынша сұраныстар еніпті. "Көп жасалған сауда-саттық" санатында темір жол билеті 2019 жылы тағы да жеңімпаз болды. Сондай-ақ қазақстандықтар авиабилеттер, киноға, FlyArystan әуекомпаниясына және «Манчестер Юнайтед – Астана» матчына билеттер сатып алуға қызығушылық танытқан.