Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Осылайша, еліміздегі мемлекеттік мерекелердің қатары тағы екі айтулы датамен толығып отыр. Оның бірі Алғыс айту күні (1 наурыз) болса, екіншісі Геологтар күні (сәуір айының бірінші жексенбісі).
Естеріңізге салайық, 2015 жылдың сәуір айында ҚХА XXII сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев соғыс жылдары елімізге жүздеген ұлт өкілдері көшірілгенін және оларды қазақтар бауырына басқанын айтқан болатын. Осы үшін әр жылдың 1 наурызында елдегі барлық этнос өкілдері қазақтарға және бір-біріне алғыс айтуы керек деген ұсынысын айтты Мемлекет басшысы.