Ақтөбеде Плюшкин синдромына шалдыққан елудегі әйел көршілерінің берекесін қашырды. Қолына түскен қоқысты аядай жалғыз бөлмелі пәтеріне тасиды. Соның салдарынан бес қабатты үйді тарақан жайлап, тұрғындар күлімсі иіске тұншығып отыр. Ал әкімдіктегілер мен тәртіп сақшылары дәрменсіз, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.
Апта сайын уыстап у сатып алып, тарақандармен күресуден шаршаған Бисенгүл Ақтаева күлімсі иістен тұншығып отыр. Ол, тіпті, түнімен балаларын бүрге шағатынын айтып шағымданды.
"Ішіп отырған асымыздың ішінен де кәдімгідей тарақандардың жүзіп жүргенін көргенде, балаларым да құсып, тамақ іше алмай қалған күндеріміз болды. Түнде жатқан кезде денемізде өрмелеп жүреді. Қаншама иіс тазартатын сепсек те, иісі кетпейді. Киімдерімізге дейін иісі сіңіп кетті", - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Денені тітіркендіретін, жыбырлаған жәндіктердің қайдан шыққанын іздеп сарсаңға түскен Бисенгүл оның қоқысқұмар көршісінің үйінен келіп жатқанын анықтаған.
Марина Байғазиева - елуден асқан әйел. Ол Плюшкин синдромына шалдыққан. Жалғыз бөлмесін қоқысқа толтырып қойған. Пәтерінде қоқыстың көптігі соншалық, есігі әзер ашылады. Көршілері оның бұрыннан сөзге сараң, тұйық адам екенін алға тартты. "Қоқысқұмарлық " дертіне шалдыққанын жақында ғана білген ол, "қоқыс шығаратын уақытым жоқ" дегенді сылтау қылады.
"Жуып-шайып жинаймын. Бірақ, күнде жұмысқа барамын. Екі ауысымда істеймін. Түнде де жұмыс істеймін", - дейді қала тұрғыны Марина Байғазиева.
Марина қазір жарықсыз, сусыз қалған. Себебі, жауапты мекеме қызметкерлері оның үйінінің жарығы мен суын қиған. Көршілері болса, оның дәрет сындырғанынан да сескеніп отыр.
"Ол үйінде пакетке дәрет сындырып, онысын терезеден лақтырады. Үйдің жаны былғанып, сатпақ-сатпақ болып жатқаны. Бір күні біреудің басына түссе не болады? Сұмдық қой! Ал әкімдіктен бастап тәртіп сақшыларына дейін дәрменсіз", - дейді Наталья Тимчук.
Олар Плюшкин синдромына шалдыққан әйелді тезге сала алмайтынын айтады.
"Бізге көршілері арыз жазған. Оны енді санитар мамандарға жолдадық. Олар тексеріп, бір шара қолдануы керек. Ал енді терезеден қоқыс лақтыратын болса, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартамыз", - деді учаскелік инспектор Эльнур Исмаилов.
Плюшкин синдромына шалдыққандарды мәжбүрлеп, ешкім үйін тазарттыра алмайды. Өйткені, өзгенің шаңырағына рұқсатсыз кіруге болмайды. Ал қоқысқұмарлар жинаған үйіндісінен айрылғысы жоқ. Сондықтан мұндай жандарды тәртіпке шақыру үшін заңға өзгеріс енгізу қажет дейді полицейлер.