Аягөз қаласында 11 сынып оқушысы Саятбек Мейрамбеков инновациялық жоба жасап шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Хабар 24-ке сілтеме жасап.
Ғылым саласына қызығушылығы зор аягөздік жас ғалым ауыл шаруашылығына арналған шынжыр табанды техниканы тоқпен жүргізді. Өнертапқыш оқушының пайымдауынша, ең маңыздысы, дизель отынын пайдаланбайтын трактор қоршаған ортаға зиян келтірмейтін көрінеді. Сондай-ақ, ол ойлап тапқан техника уақытты үнемдеп, еңбек өнімділігін арттыруға көмектеседі. Жас өнертапқыштың екі жыл уақытын жұмсап жасап шығарған туындысы жақында облыстық стартап жобалар байқауында жеңімпаз деп танылды. Нәтижесінде, 576 мың теңге грантқа ие болды. Саятбектің ендігі арманы – осы қаражат арқылы жобаны әрі қарай жетілдіру.
"Мұны жасауға 30 мың теңге ғана кетті. Алға жылжытылған жақсы түрін жасап бере аламын. Осы жобаны жалғастырсам деймін. Өйткені, тоқ өзекті және де болашақта мұнайдың орнын осы тоқ алмастырса, ол өте жақсы шешім болады деп ойлаймын", - дейді жоба авторы Саятбек Мейрамбеков.