Барлық күрес түрінде, әсіресе, дзюдода мүмкін болған жағдайдың бәрінде қарсыласының басынан, үстінен аттау, аңдамағансып әдейі аттау әрекеті кең тараған.
Яғни, оны күшімен, айла-әдісімен емес, қолайлы сәтті пайдаланып қалып, осылай қорлау арқылы жеңу, өш алу, ел алдында, көпшіліктің көзінше беделін түсіру, жер қылу, өзінен төмен санайтынын, адам құрлы көрмейтінін осылай айғайлата «айту» жайлары аз кездеспейді.
Алайда, бүгінде жай күрес түгілі ережесіз жекпе-жектің өзінде бас жарысып, көз шығарыса төбелескендер де артынша бір-бірін құрметтеп жатады, бұлай қорламайды.
Екіншіден, өзінің басынан аттап кеткен палуанды ешкім жақсы көрмесе, көре алмаса, оған сол сәттен бастап кек сақтаса, бітіспес жауға айналса керек.
Үшіншіден, бұл – ескі Рим алаңдарындағы гладиаторлар төбелесінде жай тірліктен жалыққан, еріккен, қанқұмар көрерменнің бармағын төмен қаратып, өлтір дейтініне ұқсас әрекет.
Олай болса, күрес біткеннің бір бөлінбес бөлшегіне айналған бастан аттау жайы – әуелден достық, татулықты ту етуі тиіс, бірақ, бақталастықтан да толық ада бола алмайтын спорттық жарысты өшпенділік туғызу құралына айналдыру болып шығатынын түсініп, оны тыя, одан тыйыла білуіміз керек.
Рас, ертеректе «бастан аттау қазақ халқының көне ырымдарының бірі болаған. Бұл түсінік бойынша жеңілген адамның күші жеңген адамға өтеді» деп есептелген.
Сондай-ақ, бастан аттау жайы жеңгендіктің де бірден-бір «дәлелі саналып», «бас аттау» сияқты тәртіп болған және сол арқылы жеңімпаз анықталған да екен.
Яғни, қарсыласының жаурынын жерге тигізіп жатпай-ақ, басынан аттап үлгерудің өзі жеңіске баланған, жеткілікті болған.
Біздіңше, қазақ таза жеңіске жеткенде және жеке ерегіс болған кезде ғана мұндайға барған. Ал бүгінде жеңгенді былай қойып, жеңіліп жатқан палуанның өзі мүмкін болған жағдайдың бәрінде қарсыласының басынан, үстінен әдейі аттап бағады.
Олай болса, бір емес, бірнеше төреші жан-жақтан мұқият бақылап тұратын қазіргі күресте кімнің жеңіп-жеңілгенін бұлай анықтап-дәлелдеудің қажеті жоқ екенін ескеріп, бұл бұрыс үрдіске әзірден тыйым салған жөн деп есептейміз.
Дзюдодан бастап барлық күресте кең қолданылатын қарсыластың басынан аттау әрекетінің тағы бір кемшілігі – спорттық та, адамдық та әдепке жаттығында.
Олай дейтініміз – әуелі басынан былай да, алай да аттап алып, артынша онымен қол алысып, төс қағысып, құрмет көрсетіп жату қаншалықты шынайы болмақ әрі аттаған адамның өзі үшін де нағыз екіжүзділік болмай ма, бір сәтте істеген екі ісі бір-біріне қайшы болып шықпай ма деген де сұрақ туады.
Әрі бұрынғы күрес пен бүгінгі күрес толық бірдей де емес. Бұрын палуандар өз беті, өз қалауы бойынша және оңашалау немесе кішігірім орталарда кездесіп қап күресетіндігі себепті де осындай еркіндікке барған болса керек.
Ал бүгінде олар мыңдаған тікелей көруші мен телекөрерменнің көз алдында, қандай да біріншілік жоспарына сәйкес әрі көпшілікке арналған қойылым болғандықтан күреседі.
Яғни, бастан аттау, қарсыласын жермен-жексен етіп масқаралау – күрестің кәзіргідей спорт түріне айналмай тұрған әуелгі, жабайы кезеңіне тән жайт болса керек.
Үшіншіден, қарсыласының басынан аттау ауырту әдістері қолданылмайтын қазақ күресінің, бәскүрестің мазмұн-мақсатына да қайшы келеді.
Сондай-ақ, бүгінде бастан аттау үрдісі қолданыла ма деген сұраққа «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл:
«Жоқ. Бүгінде мұндай жоралғы жоқ. Қазақ күресі – спорттық сайыс. Ол бақталастар бәйгесі емес. Бозкілемде белдескенмен, қос тарап төс қағыстырып, амандасып аттанады. Меніңше, бастан аттау басыну сынды», - деп жауап берді.
Алайда, қазақ күресінен Әлем чемпионатында қазақстандық Руслан Әбдіразақов ресейлік Роман Бобиковты жеңгенде, оның басынан солай аттап кеткен (суретте) еді...
Дереккөз: turki.kz