$ 494.87  520.65  4.91

«Рушылдықтың ошағы – ауыл емес, қаладағы интеллигенция»: Дархан Әбдіктің ұлтқа қатысты cөздері дау тудырды

«Дархан Әбдік – оқыған, көкірек көзі ашық жастардың бірі. Бірақ, кей тұстары оның бойындағы қалалық, яғни, урбанизация жемісінің көрінісі қылаң ұрып қалады».

Жазушы, журналист Есболат Айдабосын жүргізетін «Қателік» тележобасының кезекті қонағы – «Парасат майданы» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Дархан Әбдіктің бағдарламаға берген сұхбаты қазір қызу талқыланып жатыр.

Оның «Ұлтшылдық – бұл өте үлкен комплекс», «Ауыл – рушылдықтың ошағы», «Ауылды жерде ешқашан ұлт қалыптаспайды. Ұлт қалаға келіп қалыптасады», «Менің ұғымымда қазақ хандығының пайда болуының өзі – қателік», «Орталық Азиядағы көп мемлекеттердің қасіретінің барлығы – Шыңғыс хан ұрпағының таққа таласынан болған», «Біздің әдебиетімізде әлемдік құндылық жоқ» деген пікірлері facebook желісінің белсенді оқырмандары арасында дау тудырды.

Кейбірі бұл пікірлерге келісетінін білдірсе, кейбірі журналистің айтқанын «сауатсыздық, далбасалық» деп санайды. Солардың бірі – белгілі саясаткер Әзімбай Ғали: «Ақымақсың десем, ренжіме», - десе, ақын Аманхан Әлімұлы арнайы пост жазуды жөн көріпті.

«Дархан Әбдік – оқыған, көкірек көзі ашық жастардың бірі. Бірақ, кей тұстары оның бойындағы қалалық, яғни, урбанизация жемісінің көрінісі қылаң ұрып қалады. Себебі, ауыл еш уақытта рушылдықтың ошағы болмаған, болмайды да... Рушылықтың ошағы – қаладағы, оқыған, топ-топқа бөлініп, қызметінің қамын жеген интеллигенция. Сондықтан оның «Ауыл - рушылдықтың ошағы» деуі – үлкен қателік...

Ол тағы бірде «Ұлтшылдық – бұл өте үлкен комплекс» дейді. Ұлтшылдықты – отансыздар мен өзін ұлттан тыс санайтындар солай ойлайды. Ол білсе, неміс – гитлерлік нацизм басқа, ұлтын сүйген неміс – темір канцлер атанған Бисмарктің ұлтшылдығы басқа. Біріншісі неміс халқын қылмысқа итермелесе, екіншісі ұлтты тұтастырып, мықты Германияның негізін қалаушылардың бірі болды.

Сондықтан ұлтшылдық ешқандай комплекс емес. Ондай болса сенің, менің, оның жаман ниет-құлықтағы сана-сезіміміз комплекс. Ұлтшылдық – ұлтын сүю. Ол қылмыс болса (комплекс), онда мен қылмыскер (комплекс) болуға дайынмын. Ендеше, жас досым Дархан секілділер ұлт, ауыл туралы айтқанда таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпауы керек.

Қандай да мәселені белден басып, эгоға (менмендік) тән қадыр-қасиетпен кесіп-пішуге болмайды. Менің де қателесуім мүмкін, түп төркінін бір Алла біледі», - дейді белгілі ақын.

Алайда, оқырмандар Дархан Әбдіктің «Пәтер алу үшін президентті мақтадың не, атақ алу үшін министрді мақтадың не, өз руыңды мақтау – тура сондай жағымпаздық», «Ең үлкен қателік, бұл – жалған көсемдердің сөзіне еру», «Ұлы тұлғалар өз ұлтының аясына сыймайды. Ұлы тұлғалар – адамзат қазынасы», «Біз – адасып қалған емес, жоғалып кеткен, жоқ болып кеткен ұрпақпыз» деген сияқты даусыз пікірлерін бірауыздан қолдап отыр.

Наурызбек САРША

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары