Алматы полициясы «Сергек» камерасына тіркелген жол ережесі, құқықбұзушылыққа төленетін айыппұл қайда кетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтырдан бері «Сергек» жүйесін сынақтан өткізіп келеміз. Бұл кешенді біз қала тұрғындарының сұранысына қарай апат көп болатын жерлерде орнаттық.
«Камералар ең алдымен жол апатының санын азайту үшін, содан соң жол апатына байланысты қылмыстарды ашу үшін орнатылды», – деді қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.
Оның айтуынша, «Сергектен» түскен айыппұлдардың қаржысы қала бюджетіне түседі.
«Бірнеше күн бойы маған осындай сауалдар келіп жатыр. Сергек тіркеген қаражаттың барлығы қайда кетеді деген. Барлық әкімшілік айыппұлдар 1 теңгесіне дейін мемлекеттік бюджетке түседі», – деді ол.
Алматыда 1 қаңтардан бері «Сергек» жүйесінің 400 камерасы бірден іске қосылды. 10 күн ішінде камералар 2,5 мың жол ережесін бұзу дерегін тіркеп, 42 млн теңгеге айыппұл салынған.