Қаңтардың 23-нен 24-не қараған түні Шымкенттегі қалалық перинаталды орталыққа 1961 жылы туған әйел ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер үш рет жүрегі тоқтап қалған келіншекті бір өлімнен арашалап қалды, деп хабарлайды Nur.kz.
59 жастағы келіншектің жағдайы тым ауыр болған. Сондықтан жедел жәрдем қызметіндегілер науқасты ең жақын маңдағы медициналық мекемеге апарған. Миы мен өкпесі ісініп кеткен науқастың қан қысымы да 255/160 болып көтерілген екен.
Перинаталды орталықтың реаниматологтары науқасқа жансақтау шараларын жасаған. Дегенмен, әйелдің жүрегі 4 минутқа тоқтап қалыпты. Ақ халаттылар барын салып, бетін бері қаратқанда науқастың жүрегі тағы да 4 минуттай соқпай қалған екен.
Осылайша, өмір мен өлім арасында жатқан әйел адамның жүрегі бір түнде үш рет 4 минуттан тоқтап қалған.
"Шымкент қалалық перинаталды орталығының білікті дәрігерлері аман алып қалған әйелдің денсаулық жағдайы қазір бірқалыпты. Қалалық бірінші ауруханаға ауыстырылды. Қажетті ем шараларын қабылдап жатыр", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.