Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 27 қаңтарда үлкен қызы Озода Эмомалиді президент әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады деп хабарлайды Азаттық радиосының Тәжік редакциясы. Озода Эмомали бұған дейін сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.
Президент әкімшілігін бұған дейін басқарған Худоерзода Бахтиер Таварды Тәжікстан парламенті сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссия төрағасы қызметіне ұсынған.
Қаңтардың басында Тәжікстан парламенті ел конституциясына Эмомали Рахмонға шексіз мәрте президенттіке сайлану мүмкіндігін беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдаған. Мұның алдында Эмомали Рахмонға "ұлт көшбасшысы" атағын беретін заң қабылданған.
Озода Эмомалидің күйеуі елдегі ұлттық банк Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарады.