Димаш Құдайберген" Ресейдің атынан байқауға қатысады" деген қауесетке нүкте қойды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өзіне қатысты теріс әңгіме таратқандарға әлемді таңғалдырған әнші Instagram-парақшасында жауап беруді жөн көргенге ұқсайды. Ол Ресейдің атынан байқауға қатысу туралы ұсыныстардың келіп жатқанын жоққа шығармады.
"Құрметті достар, Евровидение байқауына Ресей атынан қатысу туралы көптеген хаттар келіп түсіп жатыр. Бұл байқауға мен тек қонақ ретінде шақырса ғана қатысуым мумкiн. Қатысушы ретінде байқауға қатыспаймын және керек деп санамаймын. Аса құрметпен жанкүйерлеріме айтарым, халықаралық аренада мен тек қана бір елдің атынан шыға аламын, ол менің Отаным - Қазақстан! Қолдауларыңыз бен ыстық ықыластарыңызға рақмет. Менің "Арнау" атты жеке концерттік турнемде кездескенше!", - делінген жазбада.
Әншінің әлеуметтік желі арқылы бұлай арнайы пікір білдіруіне ресейлік сайтта жарияланған кезекті бір мақала себеп болғандай. Айталық, онда: "Қазақстан әншісі Димаш Құдайберген Ресей атынан "Евровидение-2020" байқауына қатысқалы жатыр" деген сыңайда қауесет тараған болатын.