Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында ІІМ министрінің орынбасары Алексей Калайчиди жол үстіндегі жанжалға қатысушылар арасында ақсақал кісінің де болғанын растады. Оған қоса, министрлік өкілі Қордайдағы қақтығыстың неден басталғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол жанжалға қатысушылар арасында ақсақал кісінің болғанын растап, аталған жайтқа талдау жүргізіп жатқандықтарын жеткізді.
«Әуелде, 5 ақпан күні екі ауылдың тұрғындары өзара жанжалдасып қалған. Екі көлікте үш-үш адамнан болған. Алайда өзара жанжал соңы төбелеске ұласқан. Тұрмыстық қақтығысқа қатысқандардың бірі қазір ұсталып, қалғаны ауданнан шықпайтыны жөнінде қолхатпен босатылды.
Төбелес кезінде үлкен кісі зардап шеккен, оның сан сүйегі сынған... Біз бүгінде барлық ақпаратқа талдау жүргізіп отырмыз. Қақтығыс орнында жүзге тарта адам болған. Олардың әрқайсысының сол жерге келу себебін зерттеп жатырмыз», - деген Алексей Калайчиди ауыр жүк көлігі үйден шығып келе жатқан кезде жолда келе жатқан автокөлікпен жолға таласып қалғанын мәлімдеді.
Оған қоса, төбелеске қатысты видеолардың қалай таралып кеткенінің мән-жайын түсіндірді.
"Оқиға болған өңірде әр ауылдың чаты бар. Сол чаттар арқылы видеолар таралып кеткен. Онда ақсақал кісінің соққыға жығылғаны туралы арандатушылардың теріс пікірлері жазылған. Оның бәрі екі күн ішінде чаттарда жиналып қалған. Әрине, онда қызуқанды жастар көп отырады. Ауылдар да бір-біріне жақын орналасқан. Сондықтан жұма күні кешке қарай бәрі жұмыстан келген соң жиналып Масаншы ауылына қарай жолға шыққан», - деді Калайчиди.
Естеріңізге сала кетейік, Қордайдағы жанжал салдарынан 11 адам қаза болған. Айтпақшы, қоғамдық дүмпу туғызған жағдайдан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы Жамбыл облысына барып, зардап шеккендермен тілдескен еді. Ал президент Тоқаев болса: «Ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды» деп Жамбылдағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, дүңген баланың "Көмектесіңізші!" деген видеоүндеуіне жауап бергені туралы ақпарат жариялаған болатынбыз.