ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин көктемгі су тасқыны жағдайына дайындық туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу және оларды жою бойынша шаралар кешені» жол картасы жүзеге асырылуда.
«Жол картасында 521 іс-шараны орындау көзделген. Бұл бағдарламаны қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 70 млрд теңге қарастырылған. Үш жылда жол картасының тапсырмаларын іске асыру 1046 елді мекеннің 724-індегі қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыс әлі аяқталмады, биыл жалғастырып, бағдарламаны толығымен орындаймыз», - деді Ю. Ильин ҚР Парламенті Мәжілісінде Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында. Жол картасына сәйкес, 2019 жылы Ақтөбе, Атырау, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Қостанай облыстарында 36 шара жасалған. «Бұл елді мекендерді су басу қаупін тудыруы мүмкін.
Жол картасында көрсетілген шаралардың орындалмау себебі – қаражаттың жетпеуі, жобалық-сметалық құжаттаманың болмауы және Жол картасының кеш орындалуы. Қазір жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – елді мекендерді қардан тазарту», - деді министрдің орынбасары.
Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы мен оған іргелес Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарына қар көп жауған.
«Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария су қоймасында қауіп жоқ. Ондағы су 3,6-3,9 млрд текше метрге жетеді. Сырдариядағы мұз қалыңдығы өткен жылмен салыстырғанда төмен, сондықтан су көбейгенде қабыршақ мұз көбейіп, кедергі келеді деп ойламаймыз. Өзен алқабынан асып кетпейді. Жамбыл облысында да еш қауіп жоқ», - деді Юрий Ильин.
Алматы облысы бойынша көктемде қар еріп, жаңбыр жауғанда су тасқыны қаупі туындауы мүмкін.
«ШҚО бойынша кейбір таулы аймақтардағы қардың жамылғысы 25% көбірек. Қолдағы қорымыз еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өткен жылы Семей қаласында төтенше жағдай болды, су қоймасында кептеліс болып, мұз қатты, сәйкесінше Ертіс өзенінің тасуына әкеп соқты», - деді ол.
Ішкі істер министрлігі су тасқыны болған жағдайда, ең алдымен Орталық Қазақстан аумағы бақыланатынын айтады.
Юрий Ильиннің айтуынша, қардың көптігінен Вячеслав су қоймасы тез толуы мүмкін. Сондықтан қазір алдын-ала суды ағызу туралы шешім қабылданбақ.
«Жауын-шашын көп жауған Ақмола облысының төменгі бөлігінде қиындық туындауы мүмкін. Ол жақта қажетті шаралар қабылданды, 500-ден астам үй есепке алынды. Қазір әкімдік жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр, онда қауіпті аудандарда қалған тұрғындарды жаңа тұрғын үйлерге көшіру үшін қаражат бөлінеді. Содан кейін біз Атбасардағы қауіп-қатер режимін алып тастаймыз», - деді Юрий Ильин.
Сонымен бірге, Солтүстік Қазақстандағы Сергеевка су қоймасындағы жағдай қалыпты. Онда халықты су басу қаупі жоқ.