Оңтүстікқазақстандық полицейлер ұзақ уақыттан бері барымташылықты кәсіп еткен қылмыстық топты құрықтады. Мал ұрылары Сайрам ауданының тұрғындарын осы күнге дейін үрейлендіріп келген деп хабарлайды SN ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстық топтың құрамы Сайрам ауданының 5 тұрғынынан құралған. Олар 1979, 1981, 1984 және 1995 жылдары туған азаматтар. Әзірге анығы 13 қылмыс, келтірілген барлық шығын 10 миллион теңгеден асып жығылады. Тәртіп сақшылары күдіктілердің өзге де мал ұрлығына қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Ұсталған топ өкілдері соңғы қылмысты 27 қаңтар күні жасаған. Олар жергілікті тұрғынның қорасынан түнгі уақытта 4 бас өгізді айдап кетіп, көп ұзамай қолға түсті. Келтірілген шығын көлемі жарты миллион теңге.
Қазіргі таңда ұсталған күдіктілердің үстінен ҚР ҚК-нің 188-бабымен («Ұрлық») қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Айғақ заттар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.