$ 444.22  476.38  4.82

Әлеуметтік желіде әскери билеттер ашықтан-ашық сатылып жатыр

150 мың теңге төлесең болды, ер азаматтар бір жыл жүріп еңбегін сіңіріп алатын құжатты 3-4 ақ күнде дайындап береді екен.

Әскери билет сатылады. Ақ билет, яғни жарамсыздықты айқындайтын құжат – 100 мың теңге. Көк, борышын өтеді деген билет – 150 мың теңге. Қазір әлеуметтік желіде осы тектес хабарландырудан көз сүрінеді. Ақшасын төлесең болды, мекен-жайыңа дейін жеткізіп береді-міс, деп хабарлайды Stan.kz, Евразия арнасына сілтеме жасап.

Бірақ, өтінішіңді орындаушылар клиентпен бетпе-бет кездеспейді. Тек мессенджерлер арқылы тілдесіп, тауарды 3-4 күнде жасап береміз деп уәде береді. Қолдарынан келмейтіні жоқ, әскери билеттен бөлек, көлік жүргізу куәлігін де оп-оңай жасап береміз дейді. Бұл қаншалықты заңды?

Казармада 1 жыл жатып, азаматтық борышын өтегісі келмейтіндер үшін тағы да бір тамаша әдіс пайда болды. Әлеуметтік желіде: «Әскери міндеттен қашқың келсе, бізге хабарлас!» дегендей хабарландырулар өріп жүр. 150 мың теңге төлесең болды, ер азаматтар бір жыл жүріп еңбегін сіңіріп алатын құжатты 3-4 ақ күнде дайындап береді екен. Ал жігіттерді іріктеп, әскер қатарына жіберетіндер, бұл ақпарға сенбеуге шақырады.

«Әлеуметтік желілерде түрлі осындай жалған ақпараттарды қойып, өздерінің жарнамасын көбейту үшін жасап жүрген азаматтар болуы мүмкін», - деді қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі Ғани Артықов.

Иә, қазір ғаламтордың дамыған заманында кім болсын өзіне оқырман тарту үшін небір әдіске баруы мүмкін. Бірақ, көкейде бұл пысықайға жүгініп, небір жігіт әскери міндеттен босап жатыр ма деген күдік ұялағаны жасырын емес. Себебі, әскери билетін қолына алып, дән риза болған тапсырыс берушілердің хаттарынан кейін сондай ойға еріксіз келесің.

Бір байқағанымыз, заңсыз әрекетке барып, жұрттың ақшасына шалқып жүрген пысықай телефон арқылы тілдеспейді. Тек мессенджер арқылы сөйлеседі. Тапсырыс беру үшін, жарты ақысын аударасыз, ал қалған бөлігін тауарды алған кезде төлейді екенсіз. Бірақ, ешқандай кепілдік жоқ. Ал Қорғаныс істері жөніндегі басқарма өкілдері болса, мұндай сатып алынған әскери билеттердің ешқандай заңды күші жоқ дейді.

«Әскери билеттерге келетін болсақ, ҚР-да Әскери билеттерді толтыру, жазу және азаматтарға дайындау бұл өкілетті орган республикамыздағы жергілікті басқару органдарының міндеті. Ал енді бұл Әскери билет секілді құжаттардың барлығын мемлекеттік азаматтарға арналған Үкімет корпорациясы арқылы қайтадан беріп отырамыз», - деді Ғани Артықов.

150 мың теңгеге Әскери билет сатылып жатқанын естіген халық қалаулылары да бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. Делдалдың әрекетін үлкен қылмысқа теңеген сенаторлар заңды белшесінен басқандар жауапкершілікке тартылу керек деп есептейді.

«Оны тексеру керек. Тиісті органдар оның бағасын беру керек. Әскери билетті тек қана әскерге барған адамдар ғана алу керек деп есептеймін. Бұл қылмыс па? Егер сатып алған болса, ол – қылмыс. Ауыр қылмыс па, жоқ па, оны Қылмыстық кодексті ақтарып қарау керек», - деді депутат Бектас Бекназаров.

Тағы оқи отырыңыз: «Өсек айтуды қойыңыздар!» - дүңген болғаны үшін оңбай таяқ жеген мәжіліс депутаты (ВИДЕО)

Қазір елімізде әскери билетті заңды түрде алудың бірнеше жолы бар. Одан бөлек, Қарулы күштер қатарына шақыру науқаны да екі мезгіл жүріп жатады. Ресми дерекке сүйенсек, әрбір 4 азамат әскер қатарына баруға құлықсыз. Ал мамандар сұраныс болған соң, ұсыныстың да болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан алдағы уақытта әскерге баратын жастар мүлде табылмай жатса, оған да таң қалудың қажеті жоқ секілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#билет #әскери