Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Ұлжан Рысқұлбекованы өлтірді деп айыпталған бойжеткенді сот 16 жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін Астанадағы қылмыстық істер бойынша арнайыландырылған ауданаралық сотында судья Ерлан Қосмұратов айыптыға осындай үкім шығарды. Ол 23 жастағы Баян Шалқарованы "Кісі өлтіру" және "Тонау" фактілері бойынша айыпты деп тауып, алдағы 16 жылын жалпы режимдегі колонияда өтейді деп шешті.
Естеріңізге салайық, өткен жылдың қазан айында ЕҰУ студенті Ұлжан Рысқұлбекованың өлі денесі өзі тұратын үйдің подъезінен табылған болатын. Айыпты деп танылған құрбысы Б.Шалқарова оны 20 жерінен пышақтап, кілемге орап, сыртқа шығарып тастаған.
Тергеу барысында басты күдікті өз қылмысын мойындаған болатын. Ол бұл әрекетке қызғаныштан барғанын да жасырмады. Құрбылар 2015 жылдың жазында танысып, Ұлжан Баянды өз пәтеріне кіргізген екен.