$ 514.65  544.6  5.17

Су басқан Жоламан ауылының тұрғындары әкімнің әрекетсіздігіне налып отыр

«Ауыл әкімі – Дәулет Нүсіпбеков. Жұмыс істемейді. Ауданға шағымданамыз деп ескертсек, үй сендердікі, білгендеріңді істеңдер, баратын жерге барыңдар деп қолын бір сілтеді», - дейді ауыл тұрғыны Салтанат Төлекова.

Алматы облысы Кербұлақ ауданына қарасты Жоламан ауылының жоғары жағындағы көлдің тасуы, тұрғындардың айтуы бойынша 4 жылдан бері қайталанып келеді екен. Тау қары мен жаңбырдан жиналған су үлкен көлге айналып, көктем шыға ауылды шайып кететін көрінеді. Ал, әкімнен көмек сұрап барған халық ұрыс естіп қайттық деп шағымданып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Мен жалғызбасты әйелмін, тіртінектеп жиған ақшама қоршау тұрғызғанмын, су шайып кетті бәрін, құлайын деп тұр. Жыл сайын қайталанады бұл проблема. Әкімге талай айттық, проблеманы біледі. Бірақ, жұмыс істемейді. Төменде орналасқан үйдің бәрін су басты, көмек көрсетіп жатқан ешкім жоқ», - деп ашынды Сандуғаш Райымқұлова.

Әкімнен қайыр болмағаннан кейін тұрғындар бір-біріне жәрдем беріп, аулаларын судан өз күшімен тазартып жатыр. Дегенмен, аудан басшыларына барып міндетті түрде шағымданамыз дейді олар.

«Ауыл әкімі – Дәулет Нүсіпбеков. Жұмыс істемейді. Ауданға шағымданамыз деп ескертсек, үй сендердікі, білгендеріңді істеңдер, баратын жерге барыңдар деп қолын бір сілтеді. Жергілікті билік шара көрмесе бір күні ауыл түгел судың астында қалады. Жоғарыда бұрын бір көл болатын, қазір жауын-шашын мол болғаннан екінші көл пайда болды», - дейді Жоламан ауылының тағы бір тұрғыны Салтанат Төлекова.

Алматы облысы әкімдігі бұл жайттан хабардар. Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, Жоламанға ауданнан көмек дүйсенбі күні жеткен.

«Ауылдың іргесінде тұрған шағын көлшіктен су кетіп, ол жерде қазір кезекшілік ұйымдастырылды. Қажетті техника аудан орталығынан дүйсенбі күні таңертең барған. Техника жұмылдырылып, жаға бекітілді. Көлшік табиғи болғанымен де, тұрғындар бау-бақша суғару мақсатында жасанды арық қылып бұрып алған екен. Су деңгейі көтерілген кезде каналды  шайып кеткен. Зардап шеккендер жоқ және ешбір баспанаға зақым келмеген. Қазіргі уақытта апат болған жер қалпына келтірілді, жағдай бірқалыпты», - деді Ғ.Жүкел.

Жоламан ауылының әкімі Дәулет Нүсіпбеков болса тұрғындарға қол сілтеген жоқпын дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары