$ 498.34  519.72  4.85

«Ескертуге уақыт болмады»: Біртанов Жапониядан келген жолаушылардан кешірім сұрады

Министрдің сөзінше, барлығы карантинге жатқызылған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 24 ақпанда Жапониядан Нұр-Сұлтанға ұшып келген жолаушылардан кешірім сұрады. Бұл жөнінде ол бүгін үкімет отырысынан шыққан соң журналистер сұрағына жауабында айтты, деп хабарлайды Азаттық.

Біртановтың сөзінше, SCAT компаниясының Токиодан Нұр-Сұлтанға ұшатын ұшағында Diamond Princess лайнерінде карантинде болған төрт жолаушы барын министрлік басқа жолаушыларға "ескертіп үлгермеген".

"Ұшақта болған өзге жолаушылардан кешірім сұраймыз. Жолаушыларды ұшаққа отырғызу туралы шешім қабылданғанда, ескертуге уақыт болмады",- деді ол.

Біртанов Жапония жағалауында карантинде тұрған Diamond Princess лайнерінде болған Қазақстанның төрт азаматының қолында "денсаулығы жақсы" деген медициналық анықтамасы болғанын, сондықтан Жапония тарабы олардың ұшаққа отыруына кедергі жасамағанын айтты.

"Төрт адамға тағы үш түрлі тест жасалады. Бұл жайлы қосымша мәлімет береміз", - деді министр.

24 ақпан түнде Жапониядан Нұр-Сұлтанға келген әуе рейсінде 20 адам болған. Төртеуі Diamond Princess лайнерінде болғандар, 8-і экипаж мүшесі, 8-і өзге жолаушы. Министрдің сөзінше, барлығы карантинге жатқызылған.

20 қаңтарда Жапонияның Йокогама портынан теңізге саяхатқа шығып, ақпанның басында коронавирусқа байланысты портқа оралған, 3700 жолаушысы бар Diamond Princess кемесі ақпанның 19-ына дейін карантинде тұрған. Кемеде 350-ден астам адамның короновирус жұқтырғаны анықталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары