Боливияда көлемі жағынан екінші орын алатын Поопо көлі түгелдей дерлік буланып, жер бетінен жоғалып кетті. Бұл жайында спутниктік фотосуреттерді зерттеген Еуропа ғарыш агенттігі мәлімдеп отыр.
Тұзды көлдің жоғалып кетуін Жер бетін зерттеумен айналысып жатқан ЕКА Proba-V шағын спутнигі анықтаған. Бұрын 3 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан көлдің тартыла бастағанын ғалымдар 2014 жылы нақты дәлелдеген болатын. 2015 және 2016 жылдары көлдегі булану процесі өте жылдам жүрген.
Тереңдігі 3 метрді құраған Поопо көлі шөлді аймақта орналасқандықтан оның тартылып кетуі түсінікті құбылыс дейді Еуропа ғарыш агенттігінің мамандары. Бұған дейін де 1994 жылы аталған көл тұтастай тартылып кетіп, кейін қайта арнасына толған болатын. Алайда, бұл жолы оның қайта пайда болуы екіталай, оралса да ұзақ жылдар кетеді дейді ғалымдар.
Поопо - көлемі жағынан Титикака көлінен кейінгі екінші орынды алатын Боливиядағы көл. Жыл құстары оның жағасына келіп жиі тұрақтайтын. Олардың қатарында қоқиқаз да бар.