«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу». Дәл осындай атаумен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жыл ішінде президент ретінде атқарған жұмыстары 4 томдық кітап болып жарық көрді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елді басқару тізгінін қолына алып, президенттік қызметіне кіріскеніне бүгін тура 1 жыл толды. Қасым-Жомарт Кемелұлы жуырда твит-парақшасында: «Бір жыл бұрын аса көрнекті мемлекет қайраткері, жаһандық деңгейдегі саясаткер Н.Назарбаевтан ел тізгінін қолға алу мәртебесі бұйырды. Мемлекетіміздің негізін қалаушы – Елбасы стратегиясының сабақтастығын жүзеге асыру үшін көп жұмыс атқарылды...» деп жазды. Расында сол тарихи кезеңдегі Елбасының таңдауынан кейін, көп ұзамай өткен сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан халқының басым бөлігі (70,96%) Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасына қолдау білдіріп, дауыс берді. Қасым-Жомарт Кемелұлының сол 2019 жылдың 20 наурызынан бері қабылдаған шешімдері, өткізген кездесулері мен қабылдаулары, жалпы атқарған жұмыстары түгелдей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырды.
Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын «САБАҚТАСТЫҚ. ӘДІЛДІК. ӨРЛЕУ» деп атап, өзінің негізгі үш ұстанымын жариялаған болатын. Осы басты қағидаттарды ұстанған ҚР Президентінің Баспасөз қызметі Мемлекет басшысының осы уақыт аралығында әртүрлі деңгейдегі мінберлерден сөйлеген сөздерін жинақтап, 1 жылдық жұмыстың қорытындысы ретінде «САБАҚТАСТЫҚ. ӘДІЛДІК. ӨРЛЕУ» деген атпен 4 томдық жинақ шығарып отыр.
Бұл кітаптарда Мемлекет басшысының әртүрлі іс-шараларда сөйлеген 76 сөзінің толық мәтіні жинақталды.
Бірінші кітапқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыған елдердің қатарына қосу мақсатымен қолға алған бастамалары және халықтың жарқын болашағы үшін жүзеге асырылатын жобалар туралы ой-пікірлері, мемлекеттің алдында тұрған басым бағыттары мен міндеттерін айқындауға арналған жалпыұлттық іс-шараларда сөйлеген сөздері енгізілді.
Екінші кітапқа Мемлекет басшысының өңірлердегі жұртшылықпен кездесу өткізіп, ел мен жердің тағдыры, саяси өзгерістер, экономикадағы серпін, әлеуметтік жауапкершілік және басқа да қоғам өмірі туралы ой-толғамдары, еліміздің алдында тұрған басым бағыттар мен міндеттер жөнінде сөйлеген сөздері топтастырылды.
Үшінші кітапқа Қазақстан Президентінің шет мемлекеттердің басшыларымен кездесулерде, әлемдік саммиттер мен халықаралық форумдарда сөйлеген сөздері жүйеленіп топтастырылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеннен кейін бірнеше айдың ішінде Ресей, Қытай, АҚШ және Еуразияның басқа да көптеген елінің көшбасшыларымен байланыс орнатып, шет елдерге бірнеше мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарын жасады. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының саммиттеріне қатысты. Аталған жиындарда халықаралық саясаттағы Қазақстанның орны, ұстанымы туралы мәлімдемелер жасады.
Төртінші кітапқа Қазақстан Президентінің бір жыл ішіндегі отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары мен сұхбаттарында, БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингтерде еліміздің шет мемлекеттермен арасындағы байланыстарға, халықаралық және ішкі саяси мәселелерге қатысты айтқан ой-толғамдары енді. Сондай-ақ, кітаптың соңында 8 сұхбат пен 2 деректі фильмнің видеонұсқасы флеш-картаға жүктеліп, қоса беріліп отыр.
Міне, ҚР Президентінің Баспасөз қызметі Мемлекет басшысының бір жылғы атқарған жұмыстарының жалпы қорытындысы ретінде осы 4 томдықты қалың бұқараға ұсынып отыр. Кітап саясаттанушылардың, журналистердің, зерттеушілердің және жалпы, кез келген ізденуші азаматтың талғамына сай келеді деген үміттеміз", - деп жазуды Берік Уәли.