Қытайдың коронавирус ошағына айналған Ухань тұрғандары билік жариялаған мәліметтерге сенбейтіндігін жеткізіпті. Айтуларынша, бір қаланың өзінде 3800 емес, 42 мың адам індеттен көз жұмған. Бұған Ухань қаласының қаңырап қалуы дәлел бола алады екен, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы Daily Mail басылымы жазыпты. Хубэй провинциясының Ухань қаласында таралған аты жаман ауру осы аймақтың өзінде 3300-ге жуық адамның өмірін қиыпты. Індетті 81 мың провинция тұрғыны жұқтырыпты.
Алайда қалалықтар биліктің күн сайын марқұмдардың күліне арналған 500 сауыт таратқанын айтады. Яғни "42 мың сауытты 12 күнде таратып біткен" дейді олар.
Жергілікті басылымдардың мәліметтеріне сәйкес, марқұмдардың күлі орналастырылған Ханькауға екі реттен 5000 сауыт әкелінген.
Қазір 50 миллиондай тұрғыны бар карантинге жабылған Уханьды ашу жоспарланыпты. Десек те бұл жағдай заңды күшіне 8 сәуірден бастап енеді.
Уханьдықтардың күдігін қоқыс өртейтін зауыттардың тынбай жұмыс істеуі күшейтіпті. Егер марқұмдардың саны шынымен аз болса, бұл зауыттардың жұмысы неліктен тоқтатылмаған дейді олар.
Кейбір деректер бойынша, Хубэй провинциясында ауруға шалдыққан мыңдаған қытайлықтар ресми түрде ауруханаларда тіркелмей, өз үйлерінде жатып, көз жұмған сыңайлы. Ал бұған провинцияда бір күнде 28 мың адамның денесіне кремация жасалуы дәлел ретінде қарастыруға болады екен.
Еске салайық, көз жұмғандардың саны бойынша Италия мен Испания Қытайдан озып кетіпті. Бір ғана Италия мемлекетінде қазіргі күні аурудан 10 мыңнан астап опат болыпты.