Рамазан айында елорда мешіттерінде кешкі намаз жамағатсыз оқылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ имамдар тұрғындарды ауызашарға қонақ шақырудан бас тартуға шақырды
Төтенше жағдай және карантин режиміне байланысты Рамазан айы мерекесі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мешіттерде дәстүрлі кешкі тарауық намаздары, ауызашарлар уақытша тоқтатылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми парақшаларында мешіт имамдарының қатысуымен Құран оқу бойынша және Рамазан айының басқа да шараларының онлайн-трансляциялары өтеді.
Пітір садақаны Kaspi.kz қосымшасы арқылы жолдауға болады. 2020 жылы пітір садақаның жан басына шаққандағы мөлшері – 370 теңге. Пітір садақаны дұрыс жолдау нұсқаулығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми парақшасында (muftiyatkz), Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығының парақшасында (elorda_cipr) немесе 33-30-30 сенім телефоны арқылы танысуға болады.
2020 жылы Рамазан айы мерекесі 24 сәуір мен 23 мамыр аралығында өтеді.