25.04.2020, 15:05

ІІМ Арман Шораевқа қатысты қылмыстық істі тоқтатты

Фото: Джохар Утебековтің facebook парақшасынан
Жаңа Қазақстанда адамдар ақпарат таратқаны үшін түрмеге тоғытылмауы керек.

ҚР ішкі істер министрлігінің тергеушісі "жалған ақпарат таратты" деп ұсталған қоғам белсендісі Арман Шораевқа қатысты қылмыстық істі тоқтатты,  деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Арман Шораевтың қорғаушысы Джохар Утебеков бұл жаңалық жайлы Facebook парақшасында жазды.

"ІІМ тергеушісі қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты Арман Шораевқа қатысты "жалған ақпарат тарату" туралы қылмыстық істі тоқтатты. Бұл жайт жаңа ғана болды. Саяси келіспеушіліктерді жеңіп, соңына дейін бізді қолдағандарға алғыс білдіремін! Сіздер адам құқығын қорғауда даналық пен ауызбіршілік таныттыңыздар! Жанашыр адамдарға рақмет!

Журналистер мен қоғам қайраткерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша барлық қылмыстық істер тоқтатылады деп үміттенеміз. Билік осыдан екі жыл бұрын Қылмыстық кодекстің 274-бабын ізгілендіріп, үкімдерін өзгертті. Жаңа Қазақстанда адамдар ақпарат таратқаны үшін түрмеге тоғытылмауы керек",  - деді адвокат.  

 

Тегтер: Арман Шораев