Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті 2020 жылғы наурыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ресейге медициналық жеке қорғаныс заттарын шығарудың 13 жағдайының алдын алды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оның ішінде, жеке қорғаныс заттары (медициналық маска – 4 585 570 дана, қолғап – 3 900 000 дана, қорғаныс көзілдірігі – 480 дана) тәркіленген.
Тәркіленген заттардың болжамды сомасы 500 миллионнан астам теңгені құрайды.
Ұйымдастырушылар қорғаныс заттарын заңсыз шығару үшін халық тұтынатын тауарлар жүгінің арасына жасырған.
ҰҚК Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері Қазақстаннан жеке қорғаныс заттарын заңсыз шығарудың жолын кесу мақсатында өткізу пункттерінде бақылауды күшейтуді қолға алды.