27 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына аулада серуендеуге және саяжайдағы өз учаскелеріне баруға рұқсат етіледі. Осыған байланысты азаматтарға қойылатын талаптар туралы қала әкімі орынбасары Бақтияр Макен түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Азаматтар үй ауласында серуендеу үшін нақты бір шарттар мен шектеулерді орындауы қажет.
Атап айтсақ, көшеде отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан көп топ болып жиналуға тыйым салынады. Кәмелетке толмаған балалар ата-аналарының немесе 18 жасқа толған туыстарынсыз аулада жүруіне рұқсат етілмейді.
Аулада серуендеп жүрген азаматтар медициналық маска мен қолғап киюі керек. Тек нақты тұрғылықты мекен-жайдың ауласында болуы шарт. Көшеде жүруге 06.00-ден 20.00-ге дейін рұқсат етіледі», – деді Б.Макен орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Егде жастағы (65 жастан жоғары) және созылмалы аурулары бар адамдар, аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпағаны дұрыс. Өйткені бұл санаттағы адамдардың Covid-19 инфекцисымен ауыру ықтималдығы жоғары. Сондай-ақ саяжай учаскелерінің иелері де карантин аймағынан шығу үшін бірқатар шарттарды сақтауы тиіс.
Олар: карантин аймағында 06:00-ден 20:00-ге дейін жеке көлікпен жүру, мемлекеттік мөр қойылған бау-бақша серіктестігіне мүшелік кітапшасының немесе жер учаскесінің мақсатты тағайындамасының мемлекеттік акт көшірмесінің болуы.
65 жастан асқан егде адамдар бау-бақша алаңдарына бармауы қажет. Ал, кәмелетке толмаған балаларға ата-анасы немесе 18 жасқа толған туыстарынсыз саяжайға баруға рұқсат етілмейді.