Жаңалықтар 05.05.2020 сағат 15:00

«Өзбекстанда жағдай тұрақталды»: Шөкеев Мақтаарал ауданындағы су тасқыны жайлы баяндады

Ауданда тәртіпті сақтау және су астында қалған елді мекендердегі мүлікті қорғау үшін 8 блокпост қойылған. Полиция департаментінің жеке құрамының 303 қызметкері мен 53 арнайы техника тартылған.
«Өзбекстанда жағдай тұрақталды»: Шөкеев Мақтаарал ауданындағы су тасқыны жайлы баяндады
фото: baribar.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев көршілес Өзбекстанда дамбаның бұзылып, соның салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басуына байланысты жағдайды баяндады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.  

2020 жылы 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысы Сардоба су қоймасындағы дамбаның бір бөлігін су шайып кетуінің салдарынан және су қоймасында деңгейін төмендету үшін суды ағызу кесірінен Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы шекара маңы коллекторлары суға толып кеткен. Коллекторларға аққан су көлемі секундына 180 кубометрді құраған, ал коллекторлардың өткізгіштігі секундына 120 кубометрді құрайды. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында бірнеше ауыл су астында қалды. Өңірде төтенше жағдай жарияланды. 

Бүгінгі таңда 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды. Тұрғындарының саны 6 127 адам болатын 5 елді мекен — Жаңа Тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары толығымен су астында қалған. 7 елді мекеннің әлі де су астында қалу қаупі бар, ал екі елді мекенде — Мырзакент және Ақжолда су басу қаупі сейілгендіктен, тұрғындар өз үйлеріне оралды. 15 мың адам тұратын Мырзакент кентінде су басу қаупін болдырмау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілді. 

2 мамыр күні Мақтаарал ауданында шұғыл түрде техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, шұғыл штаб құрылды. Апаттан құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам мен 190 техника тартылды. Сонымен қоса, Шымкент қаласынан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан 30 мотопомп, су жинайтын сорғылар алынды. Сонымен қатар, Ұлттық гвардияның әскери бөлімі 413 әскери қызметкер мен 37 техника жіберді. Қосымша Алматы қаласындағы Ұлттық гвардияның құтқару батальонынан 320 әскери қызметкер мен 26 техника жеткізілді. 

Атакент және Мақтаарал кенттерінің, Жамбыл ауылдық округінің мектептерінің базасында 14  эвакуациялық қабылдау пункті ұйымдастырылды, оларда бүгінгі таңда 3 200 адам орналастырылған. Қалған адамдар туысқандарын паналаған. Эвакуациялық қабылдау пункттері барлық қажетті жабдықтармен жарақталған. Карантинге байланысты жағдайды ескере отырып, 120 медицина қызметкері көмек көрсетуде. 

Төтенше жағдай салдарынан алдын ала есептеулер бойынша 845 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ұйымы, 1 мәдениет үйі мен 10 дүкен су астында қалған. Сонымен қатар Жеңіс ауылындағы көпір мен республикалық және облыстық маңызы бар  54,7 км автожол су астында қалған. Бұдан басқа, 7 639 гектар егіс алқабы зардап шеккен. Сондай-ақ су басқан аумақтағы өліп қалған мал саны нақтыланды. Бүгінде келтірілген залалды есептеу жалғасып жатыр. 

Ауданда тәртіпті сақтау және су астында қалған елді мекендердегі мүлікті қорғау үшін 8 блокпост қойылған. Полиция департаментінің жеке құрамының 303 қызметкері мен 53 арнайы техника тартылған. 

Нұрлы жол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде су басуды болдырмау мақсатында бөгеттер салынды, Фирдоуси елді мекенінің маңында Мырзакент бағытында коллектор орналастырылды. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында суды жылдам шығару үшін өзбек тарапы канал қазды. 

«Жалпы, біз өзбек мамандармен тығыз әрекеттесіп отырмыз. Өзбекстанда жағдай тұрақталды. Сондықтан олар өз техникасымен келіп, біздің коллекторларды тазартып беруге әзір», — деді Ө. Шөкеев.

Су астында қалған елді мекендерден су кеткен соң Арыс қаласындағы төтенше жағдай тәжірибесі бойынша әр аула араланып, әр отбасының шеккен зардабы бағаланады. Одан соң комиссия үйлердің қалай қалпына келтірілетінін шешеді. Сонымен қатар, әрбір зардап шеккен отбасыға өтемақы төлеу мүмкіндігі қарастырылуда. Ө. Шөкеев егіс алқаптары су астында қалған шаруалардың шеккен залалын өтеу қажеттігін де атап айтты. 

Тағы да оқи отырыңыз: «Кім қателесті?»: Президент Мақтаралда 10 ауылды, әкімдік 5 ауылды су басты деп отыр

«Көптеген шығынды өтеп беруді талап етеміз»: Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жолдайтын болды 

«Елді дүрліктіретін жалған ақпараттар таралып жатыр» - су басқан Мақтаарал ауданының әкімі

«Біз эвакуацияланған тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Халық бұл жағдайда түсіністік пен сабырлық танытуда. Өзбекстанда да жағдай қиын. Онда 10 елді мекен су астында қалған, 70 мың адам эвакуацияланған. Біз осы қиын жағдайдан ортақ күш-жігерімізбен шығу туралы келісімге келдік», — деп түйіндеді Түркістан облысының әкімі.    

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар