Зырьян қаласындағы қатты қалдықтарға арналған қоқыс полигонында жаңа туған нәрестенің мәйіті тбылды деп хабарлайды Yk-News.kz.
Шақалақтың өлі денесін 6 наурыз күні жергілікті компания қызметкерлері тауып алған. Сәби полиэтилен қалтаға оралып, қоқыс жәшігіне тасталған екен. "Шамамен күндізгі сағат екілер шамасында қоқыс таситын көлік келіп, қаладан жиналған қалдықтарды әкеліп төгіп кетті. Жұмысшылардың бірі қоқыстың арасынан пакет тауып алған. Пакеттен сәбидің қолы сыртқа шығып, көзге көірініп жатқан" дейді Зырьян АІІБ басшысының орынбасары Рустам Надыров.
Оқиға орнына келіп жеткен полицейлер шарананың кіндігі байланбағанын анықтады. Мәйітпен бірге түрлі-түсті жаялық та болған. Сәби тұншығып өлген дейді тәртіп сақшылары.
"Біз қаланың тұрғындары тығыз орналасқан аудандарын тексеріп жатырмыз. Қоқыс таситын көлік жүргізушісі пакетті нақты қай жерден алғанын білмейді. Қазір дәрігерлер көмекке келді, олар тіркеуде болған жүкті әйелдерді тексеруде" деді Надыров. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.