$ 494.87  520.65  4.91

ОҚО-да әкімдік қызметкері өзгенің орнына кіріп тест тапсырмақ болған

Облыс бойынша аумақтық тестілеу залында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған тестілеу барысында бір үміткердің орнына кіріп тест тапсырмақ болған әкімдік қызметкері ұсталды деп хабарлайды Otyrar.kz.

Тестілеу әкімшісі бұл заңсыздықты үміткердің жеке куәлігімен тексеру барысында байқап, тестілеу ережесін бұзғаны туралы акт түзіп, тест тапсырмақ болған шенеунікті залдан шығарып жіберді.

Анықтау барысында күдіктінің Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, әскери есеп столы инспекторы Е.С.Санабаев екені анықталды. Бұл жайында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Осыған байланысты департамент мамандары аталған әкімдікті жоспардан тыс тексерді. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметшінің іс-сапарға шыққаны туралы құжаттар рәсімделмеген, сәйкесінше, табельге сол күні Е.С.Санабаевқа 8 сағат жұмыста болғаны туралы белгі қойылған болып шықты.

Мемлекеттік қызметшінің ісі әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, Е.С.Санабаевтың тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды. Сонымен қатар, Тұрбат ауылдық округінің әкімі Е.Исакұловтың да заңнама талаптарын бұзып, аппарат қызметшісінің еңбек тәртібін сақтауын қадағаламағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды.

Қазіргі таңда Е.Санабаевтың іс-әрекетіне қатысты процесуалдық шешім қабылдау үшін тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары