«Nur Otan» партиясынің Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейсен Тәжібаев Facebook парақшасына Өзбекстан азаматының Мақтаралда топан судан зардап шеккендерге 2 мың дана аяқкиім жібергісі келетінін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Ташкенттен Омар есімді азамат хабарласып: «Мақтаралға мың пар аяқкиім жіберейін. Кеденнен салықсыз қалай өткізуге болады? Егер қажет етсеңіздер, 2 мыңын артып жібере аламын», - деп қысылып, кішірейіп сөйлеп тұр. Енді соны жеткізудің жолын тиісті органдармен кеңесудеміз», - дейді нұротандық шенеунік.
Оның айтуынша, ертеректе екі елдің ортасына мал өтіп кетсе, қырғын ерегіс туып, тіпті, кейде ол кісі өлімімен аяқталып жататын. Шекарашылардың бір-біріне қару кезеніп, әуелете оқ жаудырған сәттері де болған. «Бұл жолы бауырластық, түркілік туралы айтылатын әңгімелер шын мәнінде жүзеге асқанын көрдік», - деп сүйсініп отыр Бейсен Тәжібаев.
«Шекара аймағында алапат су тасқыны орын алып, мыңдаған отбасын әуреге салса да қос тарап басшылығы сабырлық танытты. Сындарлы келіссөздер жүргізілді. Рас, эмоциямен көрішілерге қарата біршама айыптаулар да айтылған еді. Алайда, көрші ел басшысы қазақ Президентімен әңгімелесуден соң бірден көмек беруге жүздеген техникаларын жөнелтті. Меценаты арқылы біздің 5202 отбасымыздың әрқайсысына 1000 доллардан ат-шапан айыбын төлеуде. Кешірім сұрап, айыпты екендіктерін жеткізуде», - деген ол, сөз арасында облыс әкімін де мақтап қойды.
Айтуынша, Өмірзақ Шөкеев «Ташкентке тікұшақпен тіке тартып, жанына ерткен үкіметтік емес жай жергілікті су мамандармен екі күн бойы өзекеңдерді өзеуретпей, өзінікін өткізе білген».
«Бұл түркітілдес қос халықтың өскенін, шын достықтың артқанын айқын дәлелдеп отыр. Қызбалыққа салынбай, көршімізге өрелі ел екендігімізді көрсетіп, бауырға деген адалдығымызды аңғартып ұялтқандаймыз...
Тегінде өзбектер «Қазақтан жолдасың болса, жолда қалмайсың» дегенді бекер айтпаса керек. Ал қазақтың «Ағайын тату болса, ат көп» деген даналығына кезекті рет көз жеткізіп отырмыз», - деп мақтанды әлгі 1000-2000 пар аяқкиім туралы хабарды жан-жақты қамтып өтуге тырысқан шенеунік.
Бұл ретте, желі қолданушылар да осылайша бар мәселенің екіжақты ымырамен шешілгенін жақсы ырымға балап отыр.