$ 498.34  519.72  4.85

Литвалық мұғалім 77 оқушыға туберкулез жұқтырған

Литваның Скуодас қаласындағы мектептердің бірінде тексеру жүргізген дәрігерлер 77 оқушыдан туберкулез ауруын анықтады. Бұл жайында Клайпед қоғамдық денсаулық орталығының директоры Римантас-Йонас Пилипавичюс мәлімдеді деп жазады жергілікті Delfi.lv порталы.

Екі оқушы қыз аталған кеселге шалдыққаннан кейін аурудың негізгі таратушысы ретінде мектеп мұғалімі анықталған. Ол туберкулездің ашық түрімен ауырыпты.

«568 оқушыға Манту екпесі егілді, бастауыш сыныптарда 4 баланың ауруды жұқтырғаны белгілі болды. Ал, 5-8 сынып оқушыларының 73-і өкпе құрты дертіне шалдыққан», — деді Пилипавичюс.

Елдің Білім және ғылым вице-министрі Наталья Истоминаның айтуынша, аурудың кең тарап кетуіне педагогтың өз денсаулығына салғырт қарауы себеп болған. «Мұғалім өзінің туберкулез екенін білмеген, бірақ жөтеле берген. Жөтелдің жиілеп кеткеніне науқастың өзі емес, жанындағы әріптестері мән беріпті. Алайда, ол сол күйі дәрігердің қарауына бармаған», — деп атап өтті Истомина

Қатты науқастанған екі қыздан туберкулез таяқшалары анықталған соң бүкіл мектептің оқушылары мен мұғалімдерінің өкпесі рентгенге түсірілді. Инфекцияны таратушы сол күні-ақ анықталып, педагог ауруханаға жеткізілді. Ол бірнеше жылдан бері туберкулезбен ауырып келген екен.

Қала басшылығы алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтады. Қазіргі таңда мектепке дезинфекция жүргізіліп, науқастармен байланыста болған жандардың барлығы дәрігерлер бақылауына алынған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары