Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, жоғары деңгейде мерекеленуде. Оның бір дәлелі – Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат өткізген жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушылары арасындағы ІІ республикалық «Абайтану» олимпиадасы, деп жазады Sn.kz.
Олимпиадаға республикамыздың 14 облысы мен 3 қаласынан іріктелген 122 оқушы қатысты. Олимпиаданың ресми ашылу салтанатында мектеп-интернат директоры Р.Сексенова білім бәйгесінің басталуымен қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. «Дарын» РҒПО директорының орынбасары Г.Тұрсынов төрағалық еткен қазылар алқасы екі күн жұмыс істеп, зерделілер білімін саралады. Қазылар алқасының құрамында абайтанушы, филология ғылымының докторы Айжан Маратбекқызы, абайтанушы, филология ғылымының кандидаты Марат Бекбосынов, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры Береке Жұмақаева, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Бижомарт Сейсенбекұлы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жанындағы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Райхан Имаханбет, филология ғылымының кандидаты Ғазиза Шойбекова болды.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының мазмұнын толық меңгере отырып, кемеңгердің ақындық болмысына үңілу, Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алу, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін дамыту, міндеті – Абай өлеңдерінің мән-маңызы мен қадір-қасиетін түсінуге бейімдеу, Абай қара сөздерінің тәрбиелік-тағылымдық маңызына бойлау, Абайша ойлауға ұмтылу, сөйлеу мәдениетін үйренуге, тіл тазалығын сақтауға дағдылану және күнделікті өмірде қолдану.
Олимпиада екі айналымда өтті. 1-ші айналымда қатысушы Абай қара сөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне 3 сағат аралығында эссе жазса, 2-ші айналымда М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша берілген үзіндінің қай бөлімнен алынғанын айтып, мазмұнын жалғастырды; романнан берілген «сократтық» сұрақтарға жауап беру арқылы қатысушалардың логикалық ойлау деңгейі нақтыланды. Сонымен қатар оқушылар Абай шығармашылығы бойынша дайындалған арнайы тапсырмаларға да жауап берді. Атап айтсақ, өлеңнің адам өміріндегі орны, өлең жазудағы ақынның мақсаты, Абай өлеңдерінің құрылысындағы ерекшеліктер мен қазақ поэзиясына қосқан жаңалығы, Абай іліміне оқушының өз көзқарасы ақын өлеңдерімен ұштаса талқыланды. Ал қатысушылардың грамматикалық сауаттылығы М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан алынған сөйлемдерге кешенді талдау жасау арқылы анықталды.
Абай атындағы мектеп-интернат ұстаздары, «Шебер педагог», «Үздік педагог – 2019» республикалық байқауының жеңімпаздары – Ж.С.Абитова және Д.Г.Орынбаева сан жүйрікті баптап әкелген жетекшілерге «Абай шығармалары арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» атты коучинг-семинар, НЗМ эксперт-мұғалімі Н.Нұрғалиев жаңартылған бағдарлама аясында «Формативті бағалау» тақырыбында квест-семинар өткізіп, қатысушыларға арнайы сертификат табыстады.
Сонымен қатар қонақтар мектеп-интернаттың Абайтану бөлмесінде ұйымдастырылған «Абай мұрасы» көрмесін, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан «Олжа» премьерасын тамашалады.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша, бағын сынаған 122 оқушының ішінен 63 қатысушы жүлделі орын иеленді. Атап айтсақ, І орын – 12 (оның ішінде 11-сынып бойынша – 4, 10-сынып – 4, 9-сынып – 4); ІІ орын – 18 (оның ішінде 11-сынып бойынша – 5, 10-сынып – 6, 9-сынып – 7); ІІІ орын – 33 (оның ішінде 11-сынып бойынша – 12, 10-сынып – 12, 9-сынып – 9) қатысушы дипломдармен марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Ерекше белсенділік танытқан басқа да қатысушыларға Алғыс хат, Мадақтама және бағалы кітаптар, ал жетекшілерге түгелдей Алғыс хат табысталды.
Білім сайысының барысы БАҚ құралдарының назарында болып, мектеп директоры Р.Сексенова, Олимпиада жеңімпаздары, қазылар алқасы арнайы сұхбат берді. ІI республикалық «Абайтану» олимпиадасына демеушілік жасаған – мектеп түлектері, «Казкооптранс» ЖШС Бас директоры Қ.Боранқұлов, «ЕST» корпорациясының президенті А.Рысмендиев.