$ 494.87  520.65  4.91

Алтын Орда дәуірінде Сыр өңірінде дүниеге келген әдеби мұралар

Онлайн дәріс барысында Алтын Орда заманында Сыр бойында өмір сүрген ақын-шайырлардың әділдікті, қоғамдағы бірлік пен адамгершілік, адам баласының бойындағы ізгі қасиеттер туралы жырлағаны жайлы айтылды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қызылордада Алтын Орданың 750 жылдығы аясында «Рухани мұра» музейлік жобасы өтуде. Осыған орай облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми кеңесінің мүшесі, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов «Алтын Орда дәуірінде Сыр өңірінде дүниеге келген әдеби мұралар» тақырыбында онлайн дәріс оқыды.

«Сыр бойы мәдениеті бастауын ерте замандардан алады. Сонау Сақ дәуірі, Қаңлы, Қыпшақ мәдениеті, Хорезм өркениетімен байланысты кезеңдерде, сондай-ақ, орта ғасырларда, Алтын Орда, Ақ Орда дәуірлерінде Сырдағы әдебиет қарыштап дамыған. Сыр өңіріндегі жазба әдебиет 19-20 ғасырлардағы Сыр сүлейлеріне дейін жалғасып отырған. Сырдың бойында жыраулық әдебиет пен халық ауыз әдебиеті де кеңінен қанат жайды. Мұны Қорқыт заманынан бері келе жатқан «Оғызнама» арқылы көре аламыз. Алтын Орда заманында өмір сүрген бірнеше ақын-шайырларды атап айтуға болады. Мәселен, Сыр бойындағы Сығанақ қаласында дүниеге келген Құтыб шайыр аты мәшһүр болған тұлғалардың бірі. Шайыр Низамидің көлемді «Хұсрау-Шырын» дастанын парсы тілінен аударып елге таратты. Ақсақ Темір бақыншылығынан кейін Алтын Орда ыдырай бастағанда Құтыб та басқалар сияқты Мысыр жеріне қоныс аударды. Алайда, ол 1342 жылы жазылған шығармасының Алтын Орда ханы Тыныбекке және оның жұбайы Мәлике ханымға арналғанын жазған. Сол замандардағы әдеби дәстүр бойынша атақты шайырлар ел әміршілерімен жақсы байланыста болған», - дейді түркітанушы.

Онлайн дәріс барысында Алтын Орда заманында Сыр бойында өмір сүрген ақын-шайырлардың әділдікті, қоғамдағы бірлік пен адамгершілік, адам баласының бойындағы ізгі қасиеттер туралы жырлағаны жайлы айтылды.

«Хорезми 1353 жылы «Мұхаббатнама» шығармасын Алтын Орданың Мұхаммед Қожабек есімді қоңырат руынан шыққан ұлысбегіне арнап жазған. Шығарма махаббат туралы болса да, онда кейіпкердің адами қасиеттері туралы айтылған. Хорезми өз жазбаларында «Мұхаббатнама» туындысын Сыр бойында жазып аяқтағанын жеткізген. Хорезмидің жазған өлеңдеріне сұраныс өте көп болды», - деді Серікбай Қылышбайұлы.

Келесі онлайн дәріс Алтын Орда заманындағы шайырлық поэзия әлемінің көрнекті өкілі Саиф Сараидің шығармашылығына арналады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алтын Орда