$ 494.87  520.65  4.91

«Мылом каким-то воняет»: Семейдегі балабақша асханасының төңірегінде дау шықты (ВИДЕО)

117 баланың денсаулығына қауіп төндіргім келмейді деген мекеменің бас аспазы Екатерина Фольмер, бұл сапасыз тауарлардың бір сыпырасы ғана дейді.

Семейдегі мектепке дейінгі мекемеден шу шықты. Бүлдіршіндерге ас әзірлеп жүрген бір топ аспаз, әкелінетін азық-түліктердің сапасы сын көтермейтінін, тамақты жиі пайдаланған балалардың денсаулығы сыр беруі мүмкін екенін айтып дабыл қақты.

Мекемеге ең арзан тауарлар тасымалданады екен. Арасында пайдалану мерзімі өтіп кеткен заттар да кездесетін көрінеді. Мұны естіген бір топ ата-ана басшының орнынан кетуін талап етіп, балабақша алдына жиналды.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Фарш вонючий. Мылом каким-то воняет. А отвечать буду я. Шеф-повар, кладовщик и медик. А он что хочет тот завоз делает. Химией воняет, мылом, непонятно чем".

Балабақшаға әкелінген азық-түліктен сабынның иісі шығады деген бас аспаз өзінің әрекетін видеоға түсіріп алған. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің айтуынша, балаларға сапасы сын көтермейтін, пайдалану мерзімі өтіп кеткен тауар әкелінген.

"Это фарш детям. Смотрите. На 117 детям. Все будет подана".

117 баланың денсаулығына қауіп төндіргім келмейді деген мекеменің бас аспазы Екатерина Фольмер, бұл сапасыз тауарлардың бір сыпырасы ғана дейді. Оның сөзінше, бұған дейін әкелінген тартылған еттердің арасынан мал терісі шыққан. Ал, қып-қызыл бояудан тұратын шырынды пайдалану денсаулыққа қауіпті екен.

Екатерина Фольмер, балабақшаның бас аспазы:

"Бір күні асханаға тартылған ет алып келді. Балаларға түскі ас дайындап жатып, еттің ортасынан кәдімгі тері шықты. Меңгерушіге айтқанымызда, ұзақ уақыт қайнатып, тазартып балаларға бере беріңдер ештеңе болмайды, - деді. Мұндағы азық-түліктің сапасы өте нашар. Ал, басшылыққа қандай да бір шағым айтатын болсаң, жұмыстан қуыласың деп қорқытады".

Әлеуметтік желіге лезде тарап кеткен видеоны көрген бір топ ата-ана карантинге қарамастан балабақшаның алдына жиылды. Талаптары біреу - балаларының басын қатерге тігіп, сапасы күмәнді азық-түлікті пайдалануға жол берген басшы жылы орнын босатқанын қалайды. Кейбірі мұндай жағдай бірінші рет болып жатпағанын айтады.

Гүлнұр Көлеңкенова, қала тұрғыны:

"Көбінесе каша ғана жегенін айтады болды. А так, суп көже іштім деген айтпайды. Фрукты жедің ба десем, анда-санда яблоко, - дейді. Осыны тексерсе дейміз басшылықтар. Жіті қадағаласа дейміз. Басшылықты ауыстырса дейміз. Мен баламды бір жыл осында қалдырам ба деп ойлағам. Егер, басшылық ауыспаса мен баламды әкеле алмаймын. Мұндай жағдайға көз жұмып қарай алмаймыз".

Бұрын дәл осы балабақшада жұмыс істеп кеткен тәрбиеші біраз былықтың бетін ашты. Шынар есімді әйелдің сөзінше, қазір мекемеде әр топта нормадан 10 балаға артық екен. Ал, жаңадан келген бүлдіршіндердің ақшасы тікелей басшының қалтасына кетеді, - дейді экс-тәрбиеші. Сондай-ақ, тегін берілуі тиіс болған күнделікті ас-ауқатына деп әр қызметкерден ай сайын 2 мың теңгеден жиып отырған көрінеді.

Шынар Ахметова, балабақшаның бұрынғы тәрбиешісі:

"Бір топта мысалға ол Ажар садигінде 6 топ бар негізі. Сол бір топта 20-25 бала тізім бойынша жазылса, сол әрбір топқа ол кісі үстіне тағыда 10 баладан алып отырды. Сол 10 баланың ақшасын мен өз көзіммен көрдім топқа ата-аналары тәрбиешіге әкеліп береді левый келіп жатқан балаларды, тәрбиеші жаңағы ақшаны жинап, конвертке салып Сейсембаеваға апарып береді".

Дау шыққан "Ажар" балабақшасының басшысы, қазір барлық қызметкерлер карантин уақытына қарамастан ішкі жұмысқа тартылғанын айтады. Видеоны әлеуметтік желіге жүктеген аспаздың әрекетін заңға қайшы деген ол, жұмыс уақытында ұялы телефон пайдалануға болмайтынын да ескертті. Олардың бұл әрекетін ішкі тәртіпке бағынбаушылық деп түсіндірді. Бірақ, асханада сасыған азық-түлік қолданылғанын мойындаған жоқ.

Жанар Сейсембаева, "Ажар" мемлекеттік ясли балабақшасының басшысы:

"Карантин аяқталған соң, мекемеге арнайы комиссия келеді деп күтіп отырмыз. Әлеуметтік желіге тараған видеолардан хабардармын. Бірақ, қандай да бір пікір айта алмаймын. Шулы видеоны түсірген екі аспаз қазір жұмыста. Оларды қуған ешкім жоқ. 13 мамырға дейін еңбек демалысында болды. Қазір, қызметкерлер сыртқы жұмыстармен айналысып жатыр. Тағы қайталаймын, біз барлық заң талаптарына сай жұмыс істеп жатырмыз".

Қазір Семейде барлық балабақшалардың есігінде құлып тұр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты 1 маусым күні ашылады деп жоспарлануда. Бірақ, асханасында бұған дейін сапасы сын көтермейтін өнімдерден тамақ әзірленіп келгенін естіген ата-аналар басшыға шара қолданылмайынша, балаларын мекемеге беруден бас тартып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары