Мемлекет басшысы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Әлеуметтік қызмет көрсету үйін аралап көріп, оны қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұл мекеме халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, тіршілік жағдайымен жүгінген азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әр түрлі салада қызмет көрсетеді, – деп хабарлайды Sn.kz.
Қазақстан Президенті мұндай орталық ашу бастамасын қолдап, халыққа көмек көрсету жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
"Пандемияға қарамастан, азаматтарымызды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерімен айналысу маңызды. Бұл – басым әрі стратегиялық міндет. Сондықтан бірыңғай әлеуметтік қамту орталығының салынуын қолдаймын. Бұл – дұрыс бастама. Мұны тиімді жүзеге асыру керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Бас ботаникалық бақты қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына қаланың дамуы жөнінде егжей-тегжейлі есеп берді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматының экологиялық жағдайы туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов Алматы дендрариясын қайта жөндеу жобасының ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қорының бірлескен жұмыстарын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы ботаникалық бақтың қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұрынғыдай негізгі демалыс орындарының біріне айналуы қажет екенін айтты.
"Ботаникалық бақ – алматылықтар мен қазақстандықтар үшін, әсіресе осында туып өсіп, жастық шағын өткізгендер үшін танымал жер. Алматы тұрғындарын осы аумақты сақтауға, оған өз үйіндей қарауға шақырамын", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Алматыда қолға алынған бірқатар инфрақұрылымдық жобамен танысты.
Қазақстан Президентіне Алматының халықаралық әуежайын қайта жөндеу жоспары таныстырылды.
Түркияның «TAV airport Holding» компаниясы бас директорының орынбасары Серкан Каптан Қасым-Жомарт Тоқаевқа әуежайдың жаңа терминалының құрылысы туралы мәлімет берді. Жалпы көлемі 55 мың шаршы метр болатын терминал жобасының құны 150 миллион евро. Терминал жылына 6 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Аталған нысанның құрылысы 2022 жылдың 2-тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының халықаралық әуежайы қайта жөндеуден өткеннен кейін бұл нысанның Орталық Азия аймағындағы ірі авиациялық хабқа айналатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісінің қиылысында салынатын ұзындығы 784 метрлік көлік жолайырығы құрылысының жобасымен танысты.
Мемлекет басшысының айтуынша, аталған жоба қала жолдарындағы кептелісті азайтуға және тұрғындардың тіршілігіне қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік береді.