Бүгінгі заман ғылымын тығырыққа тіреп отырған Майя өркениеті туралы алып-қашпа әңгімелер көп. Кейбір зерттеушілер аталмыш өркениетті «адам баласына дейін жер бетін уақытша өмір сүруге келіп-кеткен өзге әлемдік тіршілік иелерінің қолтаңбасы» деген пікір айтып жатады. Олардың пайымынша мұндай мұндай аса жоғары деңгейдегі мәдениет қалыптастыру үшін теңдессіз технология қажет. Ал мұндай технологияға адам баласы әзір қол жеткізе қойған жоқ. Расымен солай болуы мүмкін бе?
Бұл әлбетте ақылға сыймайтын болжам, еш ғылыми негізі жоқ ойдан құрастырылған әңгімелер. Шын мәнінде Америка құрлығындағы Майя мәдениеті мен ғажайып пирамидаларды көне түркі халықтарына тиесілі. Бұл ғылыми тұрғыдан дәленденген дүние. Еш талассыз.
Олар (маяйлықтар) аса жоғары технология меңгерген. Сол заманның өзінде цемент пайдаланған. Өте күрделі оталарды жасай білген. Бір ғажабы олар қолданған медициналық құралдар қазіргі медициналық жабдықтардан еш айырмасы жоқ. Сонымен қатар олар су астында өмір сүре білген. Астрономиясы керемет дамыған. Жерде отырып-ақ зеңгір көктің сырын жетік білген. Арнайы зерттеу орталықтары мен сарайлары салынған. Себебі өркениетті жұрт астрономия ғылымын жетік меңгеруге ұмтылған. Әрі олар салған жұмбаққа толы майя пирамидаларының құпиясы әлі ашылған жоқ.
Енді осы пайымызды дәлелдеп көрелік: Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығының әр түкпірін жайлаған ежелгі «үндіс» халықтарының арғы тегі азиялықтар яғни түркі жұртының бір бұтағы деген болжамды америкалық археолог ғалымдар 19 ғасырдың ортасынан бастап ашық айта бастады. Олар алғашында аталмыш құрлыққа адамдар өте ерте плейстоцен заманында, яғни 2 миллион жыл бұрын қоныстана бастады деп жорамал жасаған еді. Кейін Льюис Генри Морган есімді археолог ғалым «Америка құрлығының алғашқы тұрғындарының азиялықтар екені рас. Олар осыдан 10-15 мың жыл бұрын екі құрылықтың (азия мен америка) арасын жалғастырып тұрған жіңішке қырат арқылы өтіп келген аңшылар қауымынан тарады» деп батыл байлам жасады.
Ғылыми дәлелдерге сенсек, Америка құрлығына қоныс аударған бабаларымыз бір емес үш бірдей көшті бастан өткерген. Алғашқы көші 35-40 мың бұрын басталған, екіншісі 25-28 мың, үшіншісі 10-14 мың жыл бұрын. Одан кейін теңіз бен жердің арасын жалғап тұрған Берринг бұғазы су астына кеткен. «Осылай ұлы көш аяқталды. Бұл Азияның соңғы көші болды», дегенге саяды ғылыми пайымдар. Ғалымдардың пайымына сенсек, осыдан 20-25 мың жыл бұрын қазіргі Чукот, Охот және Шығыс Сібір секілді теңіздер болмаған. Амур өзені Сахалин және Жапон аралдарымен сондай-ақ Камчатка аралдарының бір бөлігімен түйісіп жатқан. Яғни, Азия мен Американың арасы мыңдаған шақырымға созылған жіңішке жер мойнақ (бұғаз) арқылы жалғасып жатқан. Ол бұғаз қазір Берринг бұғазы деп аталады.
Осы бұғаз арқылы лек-легімен келіп қоныстанған моңғол тектес тайпалар бірте-бірте көбейіп үлкен рулы елге айналады. Оны ежелгі майялық
жырлардан да байқауға болады. «Майялар өздерін сол көлдің маңынан шыққандығын және о баста олардың 13 тайпа, 7 ру болғанын және уақыт өте келе көбейіп, әлгі аймаққа түгел тарағанын сөз етеді. Майя тайпасының нахуа тілінде сөйлейтін бір тармағы да Сібір өлкесіндегі Аттилан көлінен ауып келген 13 тайпа, 7 рудан өсіп-өнгенін айтады. Тауда тұратын «киче майя» мен ойда тұратындар «юкaтeк» майялары Мексика жеріне Моңғолияның Толан деген аймағынан келген. Әлгі аймақ Байкал көлі мен Толы өзенінің бойына орналасқандықтан Анауак, яғни Су бойы деп аталған. Мұхиттың арғы жағынан өтіп келген соң әлгі моңғолтектестер жаңа мекендеріне өздерінің байырғы жер-су атауларын беріп, оларды да Толан немесе толы (Туле) деп атай бастаған», - дейді осы саланың маманы, белгілі ғалым Әділ Ахметов.
Ғалымның айтуынша, кезінде қазіргі Мехико қаласының орнында да шалқар көл болған. Оны байырғы бабаларымыз ата жұртындағы көл атауына ұқсастырып Анауак атапты. Нахуалықтар өздері келіп қонған көлге Аттиланға ұқсас Ацтлан деген атау берген. Бұл тайпалар ацтектер деп аталған. Белгілі ғалым И.Ф. Никонов ацтек атауның «ак(ц)иилан» деген сөзден өрбігенін дәлелдеп берген. Яғни ацтек тілінде «ак» деген сөз «ақ», ал «иилан» немесе «цилан» деген сөз «жылан» деген ұғымдарды білдіреді. Сол секілді Хосе Аргуэлльес деген ғалым майя тіліндегі «kin», «katun» деген сөздердің қазіргі алтай халықтарының тіліндегі «кин», «катун» ұғымдармен сай келетіне назар аударған. Бұл деректер байырғы америкалык «үндістердің» азиялық тектен тарағанын айқындайды.
Сол алтайлықтар өздері бағындырған Солтүстік Америка, Мексика аумағына басындай айтып өткеніміздей алып қорғандар, небір ғажап ғимараттар тұрғызған.
Әділ Ахметов ағамыз өзінің «Байырғы америкалықтардың алтайлық тегі» деп аталатын кітабында осындай қорғандардың сырына үңілген. Мұндай қорғандар 4000 жыл бойы үздіксіз салынып келген. Бірақ олардың бәрі сақталмаған. Кейінірек Еуропадан қоныс аударушылардың саны көбеюіне байланысты қорғандардың саны да күрт кеми бастаған. Егістік алқаптарын кеңейту мақсатында мыңдаған жылдық тарихы бар қорғандарының көбін күреп тастаған. Әйтсе де, азды-көпті қорғандар байырғы қалпында сақталып, бүгінге дейін аман-есен жеткен. «Сан ғасырлар бұрын дүниеден өткен, арғы тегі Азиядағы Алтайдан келіп қоныстанған, байырғы «үндістердің көздеріндей болып қалған ескі қорғандар, бүгінде, әсіресе Солтүстік Америкада, дәлірек айтқанда, Америка Құрама Штаттарының шығыс өңірлерінде өте жиі кездеседі. Қорғандардың аса көп шоғырланған аймағы Миссисипи мен оған келіп құятын ұзынды-қысқалы тармақтардың бойлары және осы ұлы өзеннен шығысқа қарай созылып жатқан үлкен орманды алқапты қамтиды», - деп жазады Әділ ағамыз аталмыш кітабында.
Еуропадан қоныс аударған колонистердің ішінде құпия қорғандардың сырын білуге тырысқандар болыпты. Бірақ Еуропадан тыс жерде мұндай мәдениет ошақтары болады деген түсінік еуроцентристік еуроамерикалықтардың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Сол себепті колонистер әлгіндей алып қорғандарды тұрғызған христиандардың қасиетті кітабы -
Тауратта жазылғандай, Палестинадан қуылған он тайпа еврей халқының өкілдері болуы мүмкін, жиһангер викингтер, немесе он алтыншы ғасырдағы испандықтар болуы ықтимал деген тұжырым жасаумен ғана шектелген. Тіптен ХХ ғасырда «үндістердің» қорғандарын тіпті ғарыштан келген басқа планеталықтардың іс-әрекеті деушілер де болыпты. Кейін ғылыми негізде еңбектенген зерттеушілер ежелгі «үндістердің» қабілеті ондай алып құрылыстар салуға жетуі мүмкін емес деген мүлде жаңсақ пікірді жоққа шығарады.
Ежелгі майя қорғандарын арнайы зерттеген америкалык оғалым Л.Н.Шаффер олардың салынған заманын үш дәуірге бөледі. Бірінші дәуір - шамамен біздің заманымызға дейінгі 1500-700 жылдар арасы.Археологтардың пайымдауынша, ол кездегі ең үлкен қорғандар шоғыры Миссисипидің батыс жағалауында, қазіргі Луизиана штатының солтүстік шығыс бөлігінде орын тепкен. Археологтар бұл орынды Поверти Поинт деп атайды. Екінші дәуір - Орманды немесе Адена-Хоупвелл дәуірі. Бұл біздің заманымыздан бұрынғы 500-жылдар мен біздің заманымыздың 400-жылдар арасын қамтиды. Ең маңызды қорғандар осы дәуірде Огайо өзені мен оған келіп құятын басқа тармақтардың бойында тұрғызылған және осы арадан Шығыс орманды алқаптарына тараған. Қорған тұрғызудың үшінші дәуірі біздің заманымыздың 700-1700 жылдар арасын қамтиды. Археологтар бұл кезенді Миссисипи дәуірі деп атайды. Өйткені бұл кезде Миссисипи өзенінің бойында, қазіргі Иллиноис штатының Шығыс Санкт-Луис қаласына жақын жердегі Кахокия деп аталатын ең алып қорғандар шоғыры дүниеге келеді. «Бұл дәуірден кейінгі замандарда да қорған тұрғызу толастамаған, бірақ, көлемі жағынан соңғылар алдыңғылардан әлдеқайда кішірек болған. Сосын қорғандардың сипаты мен үлгісі алуан түрлі болған. Әрі тұрғызылу мақсаттары да әр түрлі», - дейді Ә.Ахметов ағамыз. Айтуынша, биіктігі әр түрлі, дөңгелек немесе эллипс үлгісінде салынған кейбір қорғандар қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін тұрғызылған.
Мұндай қорғандарды байырғы Америка өркениетін терең зерттеушілердің бірі, белгілі ғалым Милослав Стингл Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Каролина, Вирджиния, Кентукки және басқа да штаттарынан кездестіргенін атап көрсетеді. Екіншісі – шекаралық меже сипатындағы корғандар. М.Стингл келтірген басқа деректерге қарағанда, кейбір қорғандардың қызметі мүлде бөлек болған. Мысалы, 1925 жылы Джорджия штатындағы Этов қаласының маңынан археолог Уоррен Мурхид ашқан топырақтан үйілген бір топ қорғандар «үндістердің» құдайға сиынатын қасиетті орындары екені анықталады. Себебі әлгі қорғандардың төбесіне байырғы америкалықтар ағаш храмдар мен шіркеулер тұрғызған. М.Стингл суреттеген қорғандардың енді бір түрі топырақтан көп баспалдақты пирамидалар үлгісінде салынған. Мысалы, жоғарыда аталған Миссисипи бойындағы Кахокия қорғаны осы үлгімен тұрғызылған. Солтүстік Америкадағы «үндістер» салған ең алып құрылыс болып саналатын бұл қорғанның табанының ұзындығы мен ені 350х210 метрге, ал биіктігі 30 метрге тең болған. Солтүстік шығыс Америкада, дәлірек айтқанда, Америка Құрама
Штаттарының Висконсин, Огайо Штаттарында қорғандардың жоғарыда аталған үлгілеріне мүлде ұқсамайтын тағы бір ерекше түрі кездеседі. Топырақтан тұрғызылған бұл алып қорғандардың сыртқы бейнесі белгілі бір жануарлардың кейпінен айнымайды, бірақ олардың көлемі әлгі жануарлардың табиғи болмысынан мыңдаған есе үлкен болып келеді. М.Стинглдің келтірген деректеріне қарағанда, Огайо штатындағы екі қорған жылан бейнесінен айнымайды және олардың бірінің ұзындығы 300 метрге дейін жетеді. Бұл жылан-қорғанның «денесі» бірнеше жерден иіле ирелеңдеп, құйрык ұшы шеңберше шиырылып барып бітеді.
Сол сияқты Висконсин штатындағы ұзындығы 60 метр болатын бір қорған Америка аллигаторын елестетсе, Оңтүстік лекотадағы және бір ірі корған тасбақадан айнымайды. Ал Висконсиндегi Крауфорд қаласының маңынан осыдан 100 жыл бұрын ашылған алты қорған түгелдей биікте канаттарын жайып, самғай ұшып бара жатқан алып құстардың бейнесін елестетеді. Бейнелі қорғандарды арнайы зерттеген ғалым Ч.Рау өз диссертациясында олар туралы жан-жақты мағлұмат береді. Ол келтірген нақты деректерге қарағанда, 24 қорған құстарды, 11 корған бұғыны, 16 қорған үй қоянын, 20 қорған аюды бейнелейді. Висконсин штатынан Ч.Рау бас-аяғы 483 бейнелі қорған ашқан.
Бұл қорғандардың сырын Ахметов мырза былайша топшылайды: «Байырғы америкалықтар бұл сияқты бейнелі қорғандарды жайдан жай немесе еріккеннен салмағаны айтпаса да түсінікті. Олардың ең басты себебін ғалымдар байырғы америкалықтардын наным-сенімдерінен, атап айтқанда, олардың тотемдік нанымдарынан іздейді және әлгі қорғандардың бәрі де «үндістердің» пір тұтқан тотемдік тектерін бейнелейді деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырымның қисыны бар. Онымен толық келісуге болады. Тотемизм - әлемде өте кең таралған наным. Тотемизмнің америкалық «үндістердің» нанымсенімдерінің ішінде алатын орны өте ерекше. Тіпті бұл күнде халықаралық терминге айналып, бүкіл әлем тілдерінің көпшілігіне еніп кеткен «тотем», «тотемизм» деген ұғымдардың да түп төркіні «үндістердің» тілінде жатыр. Мәселен, оджибве «үндістерінің» тілінде «тотем» деген сөз «тек» деген ұғымды білдіреді. Мұның мәнісі мынада. Солтүстік Америкадағы алгонкин «үндістерінің» (бұл топқа оджибвелер де кіреді) тайпалары өздерінің арғы тектерін аю, қасқыр, тасбақа, бұғы, қоян немесе т.б. жануарлардың бірінен таратып, әр тайпа өз тегінің, яғни тотемдік жануардың атын сол тайпаның төл атауы ретінде пайдаланады. Сонымен қатар әлгі тайпалардың әрбір мүшесі де жаңағы тотемдік атауды өзінің төл есімі ретінде қолданады. Ғылыми деректерге сүйене отырып сараптама жасасак, арғы тегі Америкаға Азиядағы Алтайдан ауып келген үндістердің» тотемдік наным-сенімдері мен оған қатысты тыйымдары Азия халықтарының, оның ішінде түркі халықтарына тән тотемдер мен тыйымдарға қатты ұқсайтындығын байқамау мүмкін емес». Сөзіне дәлел ретінде Рашид-ад-диннің (1247-1318) еңбектеріне сүйене отырып, түркі халықтарының тотемдік нанымдары жөнінде ең алғаш құнды пікір айтқан Л.Расонийді тілге тиек етеді. Расонийдің айтуы бойынша, ол кездерде түріктер, оның ішінде төрт-төрттен алты топқа бөлінетін 24 оғыз тайпасының әр тобы, «қаршыға», «бүркіт», «сары бүркіт», «ителгі», «лашын» секілді «онгандардың» (демек, ол кезде түріктердің тілінде «тотем» деген ұғымды білдіретін «онган» деген арнайы терминнің болғаны байқалады), яғни тотемдердің бірінің атымен аталып, құт-береке әкелетін әлі тотемдерді аулауға қатаң тыйым салатын болған. Л.Расоний сонымен қатар ХІ ғасырда қырғыздардың да кейбір рулары «сиыр», «жел», «сұңқар», «сауысқан» болып аталып келгенін, ал түріктер өздерінің арғы тегін бөріден тарайды деп сенетіндіктен байрақтарына бөрінің, яғни тотемдерінің бас бейнесін салатындығын және сол заманда жиі кездесетін Көкбөрі, Бозғұрт, Үкі, Жылан, Аю, Тұрымтай, Аққұс, Бидай, Арпа секілді кісі есімдерінің де әлгі тотемдік нанымдармен тікелей байланысты қойылуы мүмкін деген жорамал жасаған. Тағы бір айта кетерлігі, байырғы алтайлықтар қорған салу дәстүрін Азиядан соның ішінде Алтайдан алып барған. "Қорған салу дәстүрі Азияда, Еуразияда кең таралған, тарихы өте терен мәдени құбылыс. Оның ішінде, әсіресе түркі халықтары мекен еткен Сібірде, Қазақстанда өте жиі кездеседі. Тек Қазақстан аумағында ғана ХХ ғасырда әлемдік мәнге ие болған қорғандардың ірі-ірі екі тобы ашылғандығын айтсақ та жеткілікті. Олардың бірі — археолог К.Ақышев ашқан, ішінен «алтын адам» шыққан Алматы маңындағы Алатау етегінде орналасқан Есік қорғандары, ал екіншісі - археолог З.Самашев ашқан, ішінен екі бекзадамен (бірі - еркек, бірі - әйел) бірге алтын әбзелді он үш аттың сүйектері қоса табылған Алтайдағы Берел қорғандар шоғыры. Ғалымдардың айтысына қарағанда, мұндай ірі қорғандар шоғыры Еуразия кеңістігінің басқа жерлерінде кездесіп көрген емес. Яғни Азиядан Америкаға ең алғаш қоныс аударған аталарымыз ол жаққа өздерінің салт басы мен сабау қамшысын ғана алып өткен жоқ, жаңа қоныстарына тілін де, салт-дәстүрін де, наным-сенімін де қоса алып барды», - деп жазады автор өзінің «Байырғы америкалықтардың алтайлық тегі» еңбегінде.
Б.Нұратай