Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова неліктен елордада қатаң карантин енгізілмей отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Елорданың бас дәрігері коронавирус жұқтырғандардың күн сайынғы өсімі 7 проценттен асып кеткенін мәлімдеді.
Бас дәрігердің айтуынша, карантинді күшейту туралы шешімді қаланың бас санитар дәрігері қабылдайды. Бұған дейін карантин жеңілдетілгенде науқастардың күн сайынғы өсімі 7 проценттен аспауы тиіс деген талап болған.
"Қазір күн сайынғы өсім 7 проценттен асып отыр. Бірақ біз науқастарды "ауру белгілері бар" және "ауру белгілері жоқ" деп екіге бөле бастадық. Жалпы, эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап кетті. Осылай жалғаса берсе, қосымша шаралар қабылдануы мүмкін", - деді Қисықова онлайн брифингте.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 2 951 адамға жетті. Қазіргі кезде жұқпалы аурулар және уақытша ауруханаларда 1 711 науқас емделіп жатыр. Бұл барлық орынның 90 процентін құрайды. 80 науқас реанимациялық бөлімде, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылғандардың саны төрт есеге артты.