$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде халықаралық рейс жұмысы қайта жанданды

Грузияда бар-жоғы 895 адам вирус жұқтырса, оның 741-і аурудан айыққан.

COVID-19 індетінің өршуіне байланысты елдегі қайта күшейтіліп жатқан тәртіп халықаралық әуе рейстерінің ұшуын шектемейді. Қазақстанда 20-маусымнан бастап үш айдан кейінгі алғашқы рейс орындалмақ. Негізінен қауіпті ауруды жұқтыру қаупі төмен алты елге ұшады. Алайда қазақстандық саяхатшылар шетел асуға қорқып отыр. Көбі елдегі демалыс аймақтарына баруға ниетті. Тілшіміз жиһанкездердің ұзақ күткен демалысы қалай болатынын бағамдап көрді.

Елорда әуежайының есігі тек елдегі қалалардың ішінде жүретіндерге айқара ашық. Халықаралық әуе рейстері орындалатын аймақ қазір тып-тыныш. Ол 20 маусымнан бастап бұл жерде де қыз-қыз қайнамақ. Әуежай басшылығы мұнда қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, жолаушыларды қабылдайды.

Әдеттегідей, әуежайға бетперде таққан, дене қызуы төмен жолаушылар жіберіледі. Ара қашықтық сақтау сол күйінде қалады. Әзірге Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, Таиланд және Грузияға әуе рейстері ашылды. Мамандар бұл елдерде кеселдің қаупі төмен дейді. Ал шетелдегі демалыс аймақтары туристерді қабылдауға тас-түйін дайын. Тек саяхаттаушы ескеруі тиіс дүниелер бар.

"Қазір Грузияға келетіндерге коронавирус жұқтырмағаны туралы тест нәтижесі бар анықтама керек. Біздің елде мейрамханалар ашық, саябақтар жұмыс істеп тұр. Қонақ үйде, дүкенде, көлікте медициналық бетперде тағу қажет. Ара қашық сақталуы тиіс. Қолды дезинфекциялап, дене температурасын өлшеп тұрған дұрыс", - деді кәсіпкер Кетино Такидзе.

Грузияда бар-жоғы 895 адам вирус жұқтырса, оның 741-і аурудан айыққан. Эпидемиологиялық ахуал Түркияда өршіп тұр. Күн ысыса, бірден түрік еліне асығатын біздің азаматтардың қазір де сұранысы жоғары. Қорқынышы да басым. Жиһанкез блогер Динара Болат шетелде қалай саяхаттауды бес саусағындай біледі. Алайда коронавирус оның жоспарына біраз өзгеріс енгізіпті.

"Өзімнің авторлық турым бар. Коронавирус басталғалы 6 турдан бас тарттық. «Грузияға барамыз ба?», «Түркияға барамыз ба?» деп сұрап жатқандар да бар. Бірақ қорқатын адам саны басым. Біздің ішкі туризмнің жағдайы керемет деуге келмес. Осы жағдай меніңше, ішкі туризмге үлкен сын, үлкен сынақ болатын сияқты", - деді жиһанкез блогер Динара Болат.

Шекара асқысы келетіндердің сұранысын туристік фирмалар қанағаттандырмақшы. Елімізден ертең үш айдан кейінгі алғашқы рейс Түркияға ұшады. Ал чартерлік рейстер 15-шілдеден кейін орындалады. Мамандардың сөзінше, қазір әр ел инфекция жұқтырмаудың алгоритмін ойластыруда. Сондықтан саяхатшылар ұшпас бұрын, туропероторларынан барлығын бүге-шүгесіне дейін сұрап алғаны жөн.

"Бұл механизмдерді әр ел өзінше талқылап жатыр. Үкіметтері де мұндай қиын да, қауіпті кезеңге барынша назар аудару қажеттігін алға тартуда. Себебі, қандай да бір туристке вирус жұқса, науқастың емделуі және медициналық қызмет көрсету қызметтері саяхатшыны кіргізген сол елдің қалтасынан төленеді", - деді «Туристік Қамқор» қорының төрайымы Инна Рей.

Дегенмен Қазақстанға дәл қазіргі коронавирустық кезді пайдаланып, ішкі туризмді дамыту маңызды.  Үкімет 2025 жылға дейін елді өзге елдерге тартымды етуге бір жарым триллионнан астам теңге бөлген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары