01.04.2016, 04:42

Алматыда сыныптас қызын зорлап өлтірген жігітке сот үкімі шықты

Алматыда өзінің сыныптас қызын ұрлап, кейін өлтірген жігітке сот үкімі шықты деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сот шешімімен Ақбұлан Орынбасарұлы 17 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады. Дүние-мүлкі де тәркіленбек.

"Орынбасарұлы Ақбұлан ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-тармағы, 194-бабы 4-тармағы, 120-бабы 2-тармағы, 192-бабы 2-тармағы бойынша көрсетілген қылмыстарға кінәлі деп танылды. Осыған сәйкес, Орынбасарұлы Ақбұланды 17 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім кесілді" деді аталған процестің нүктесін қойған судья.

Тергеу барысында белгілі болғандай, 20 жастағы Қызылорда тумасы марқұм болған қызбен бір сыныпта оқыған. Мектеп бітірген соң екеуі бір университеттің бір тобына оқуға түседі. Өткен жылдың тамыз айында Ақбұлан құрбысын ұрлап әкетіп, оның ата-анасынан 4 миллион теңге талап еткен болатын. Құқық қорғаушылар қылмыскерді ұстаймыз дегенше ол қызды өлтіріп үлгеріпті. Мәйітті тексеру кезінде белгілі болғандай, марқұм өлер алдында зорланған екен. Кейін оның аяқ-қолын байлап, пышақтап өлтіріп, денесін балабақша маңындағы құдыққа тастап жіберген. 

Сот процесі барысында айыпты өз кінәсін толық мойындаған жоқ. Ол қызды расымен де ұрлағанын, ол үшін ақша талап еткенні айтты. Алайда, зорлап өлтірген адам мен емес деп ақталып бақты.