$ 447.4  477.55  4.76

«Коронавирус та қиын ғой»: мүгедектер орталығының ауласы мәйітханаға айналған

Қалалық әкімдіктен қайыр болмаса, орталық мүшелері арашаны ел президентінен сұрамақ.
Фото: sputnik
Фото: sputnik

Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі жандар орталығының ауласында карантин кезінде мәйітхана ашылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.

Мүмкіндігі шектеулі жандар күн сайын мүрде әкелініп, иіс шығатындықтан далаға серуендеуден қалған. Одан бөлек, коронавирус жұқтырамыз ба деген жанайқайына атқамінерлер құлақ аспайтынына қапалы. Әкімдіктегілер жағдайдан хабардар екенін айтып, мәйітхана дауына байланысты өз жауаптарын мәлімдеді.

Наурыз айында ашылған мәйітханада күнде тыным жоқ. Мүрденің бірін әкеледі, екіншісін әкетеді. Ал онымен бір ғимаратта орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандар орталығындағылар қайтерін білмей отыр. Онсыз да ауыр сынақты еңсеріп, енді сынбау үшін осында сергуге, емделуге келгенде, мәйітті алуға жеткен жақындардың зарынан ұнжырғасы түседі.

"Көріп тұрсыз, қазірдің өзінде келіп, бір адамды алып кетіп жатыр. Не деген сұмдық?! Мәйітхананы әкімдікке, қала әкімдігінің жертөлесіне апарып қойсын, көрсін, сол жерде болсын, иіскесін! Мәйітхана сол жерде болсын!", - дейді "ЕРЗИ" мүгедектер қауымдастығының президенті Ербол Игембергенов.

Ал қолқаны қабатын иіс мәйітхана ашылғаннан кейін пайда болған. Неге екені белгісіз, мұнда "мәйітхана" деген тақтайша атымен жоқ. Құдды бір астыртын істеп жатқандай.

"Коронавирус та қиын ғой. Ағзамыз әлсіз, біз тез жұқтырамыз. Мәйітхананың кесірінен сыртқа да шыға алмаймыз. Басқа жаққа апарса, біздің ең бірінші, жоғары жаққа қойып отырған талабымыз сол", - дейді қауымдастық мүшесі Жанар Иназымбаева.

Өткенге деген өкініші өксігін басқан, енді жаңа өмірге қадам басуға дайын жігері мықтылар осы орталықта бас қосқан. Түрлі дене жаттығуын жасап, қолөнермен айналысады. Ашылғанына екі жыл болып, енді еңсені тіктейміз дегенде, іргеде мәйітхананың ашылуы оларды есеңгіретіп жіберген.

Олар бөлмелерінің терезесін ашса, сырттан жағымсыз иіс келеді. Далаға да шыға алмайды. Бұл жағдайдан әкімдіктегілер де хабардар. Бірақ арна тілшілерінің сауалына қысқа ғана "алдағы уақытта проблеманы шешеміз" деп жауап берген.

Қалалық әкімдіктен қайыр болмаса, орталық мүшелері арашаны ел президентінен сұрамақ. "Мүгедек болғанымызбен, мүсіркеуге жол бермейміз" дегендер ақырына дейін күресуге бел буған. Арбаға таңылғанмен, құқығын таптатпайтындар әділдік орнайтынына сенгісі келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары