Н.Ә. Назарбаевтың қан материалдарынан коронавирусқа қарсы вакцина әзірленетіні туралы интернет желісінде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Аzattyq-ruhy.kz, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақстан Республикасының заңнамасының бұзылуына байланысты, уәкілетті органдарға осы материалға тиісті сараптама жүргізіп, оның одан әрі таралуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды», - делінген хабарламада.
Министрлік азаматтардан әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратуға жол бермеуді және тек ресми көздерге сенуді сұрайды.
Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін тұлғалар ҚР ҚК 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін еске салады.