Жамбыл облысының полицейлері арнайы операция жүргізу барысында ұзақ уақыт бойы ірі көлемде есірткі саудасымен айналысып келген қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл жайында облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
"Шұғыл іздестіру шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың үш өкілі ұсталды. Олар ұзақ уақыт бойы Шу қаласындағы екі нүктеде есірткінің ауыр түрін саудалаумен айналысып келген" делінген аталған хабарламада.
Ұсталғандарды тінту кезінде полицейлер 135 грамм героин және 700 грамдай гашиш затын тәркіледі. Сондай-ақ, қалталарынан 125 мың теңге ақшалай табылған. Күдіктілерден есірткі мен ақшадан бөлек ұрланған бағалы заттар да тәркіленіп алынды. Оларды нашақорлар әкеліп, есірткіге алмастырып отырған.
Тәртіп сақшылары сонымен қатар, Шуға дейін ірі көлемде есірткі жеткізіп беріп отырған тасымалдаушыны да ұстады. Ол Қордай ауданының тұрғыны болып шықты. "Күдіктінің үйін тексеру барысында бір келіден астам героин заты табылып, тәркіленді" дейді ІІД өкілдері.
Қазіргі таңда ұсталған азаматтардың барлығы қамауға алынып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.